Құқық қорғау органдары

Аз уақытқа шығып кетіп, қайта оралмаған

 

 

 

   
Дастарқан басында отбасы толығымен жиналған. Туған-туыс, дос-жарандар Василий Резниченконың 25 жасқа толуын тойлау үстінде. Соңғы күндері бұл бейнетүсірілімді Василийдің туысқандары сан мәрте қарап шықты. Жарты сағатқа үйден шығып кеткен Василий содан қайта оралмаған.  Машинасы иесіз есік алдында тұр. Ұялы телефоны үнсіз. Амалы таусылған жақындары тәртіп сақшыларының көмегіне жүгінген.

 Елена Резниченко, Василий Резниченконың анасы:
– Ал олар біз іс қозғаймыз, ал ол қыдырып-қыдырып қайтып келеді. Сонда  не істемекпіз дейді.

Қайғылы оқиғадан бір апта бұрын Василий аңшы мылтығын сататыны жөнінде хабарландыру берген. Сатып алушылардың бірі үйге де, жұмысқа да, үялы телефонға да дамылсыз қоңырау шалған көрінеді. Қазір сол белгісіз адамның кім екенін анықтау мүмкін болмай отыр. Өйткені Василиймен бірге мылтығы да жоғалған.  Бір өкініштісі, ұялы телефонға соғылған қоңыраулардың тізімі құпия болып тұр.

Максим Тарасов, Максим Резниченконың туысы:
 – Біз ұялы байланыс операторларымен, өзге адамдармен де тілдестік. Олардың айтуынша, кіріс қоңырауларының тізімін алу өте қиын. Шығыс қоңырауларды ұялы телефонның иесі ғана ала алады. Ал кіріс қоңырауларын сұратуға полицейлердің рұқсаты керек.

 Туыстарының іздемеген жерлері қалған жоқ. Алайда Василийден хабар келер емес.

Сергей Погосский, СҚО ІІД баспасөз қызметінің қызметкері:
-Бір адамның телефонындағы сөйлесулер  туралы мәлімет алу үшін іздеуге іс ашылуы керек. Прокурордың санкциясы, бас компанияға сұрау жіберу қажет.

Василий туралы ақпарат көрші облыстарға да жіберілді. Жедел іздестіру шаралары жүргізілуде. Ұялы байланыс операторының бас кеңсесіне жіберілген сұрауға жауап әлі жоқ. Ал анасы баласының үйге оралуын сарғая күтуде.

  
Жеңіс Ермұқанов