Жол картасы

Жүйке аурулары интернаты жаңартылды

 
 

 

 

Қолданысқа 1982 жылы берілген Петропавл қалалық психоневрологиялық ауруларға арналған интернат-үйінің 5-ші және 6-шы бөлімшелері сапалы жөндеуді қажет ететін еді. Жақында әбден тозығы жеткен қабырға, еден, төбе әрленіп, жаңа кейіпке енді. Ескі терезелер пластикалық үлгідегісіне ауыстырылып, электр сымдары да жаңадан тартылды. Енді  палаталар жарық та жайлы. Мұндағы 300-ден астам мүмкіндігі шектеулі емделушінің барлығына осындай жағдай жасалыпты. Сметалық жобаға санитарлық техниканы ауыстыру да кірген.

 Сәлима Алпысова, Петропавл қалалық психоневрологиялық ауруларға арналған интернат-үйінің дәрігері:
-Мұнда тұрғындарға өздерін үйлеріндегідей сезіну үшін барлық қолайлы жағдай жасалып жатыр. «
Жол картасынан» бөлек жуыну бөлмесі де жаңартылды. Өзге бөлімшелер де кезекті жөндеуден өтті. Бұның бәрі мүгедек жерлестерімізді айықтырудың қамы.

Жақсы денсаулықтың кепілі – спорт. Тағдыр тәлкегімен интернатты паналауға мәжбүр болған солтүстікқазақстандықтарды салауатты өмір салтына тарту үшін республикалық бағдарламаның аясында спорт залы да күрделі жөндеуден өтті.

  Ольга Плесовских, Петропавл қалалық психоневрологиялық ауруларға арналған интернат-үйінің мәдени шараларын ұйымдастырушы:
Тренажерлар, спорттық кілемдер, теннис үстелі,  өзге де жаңа спорттық жабдықтар сатып алынды. Енді емделушілер сапалы құралдардың көмегімен денсаулықтарын шыңдайтын болады.  

Сондай-ақ шатырдың 500 шаршы метрі заманауи материалмен жабылды. Жөндеу жұмыстарын жүргізген “Осенний ” ЖШС-гі екі қолға бір күрек таба алмай жүрген 34 адамды жұмыспен қамтамасыз еткен. Әлеуметтік нысанның қайта жаңаруына “Жол картасы” бағдарламасының аясында 23 млн. теңге қаражат бөлінді, оның 8 млн. теңгеден астамы жергілікті қазынадан құйылған. Тағы бір айта кететіні қыстың қамын жаз ойлайтын мекеме басшылығы жылыту маусымына дайындықты растайтын құжатты алғашқылардың қатарында алған.

 Жеңіс Ермұқанов