Қылмыс

Екі зейнеткердің қанын жүктеген әйел ұсталды

 

 

 
Қайғылы оқиға Булаев қаласында сәуірдің төртінде тіркелген.  Өз үйінің ауласында 83 жастағы әйелдің денесі және мал қораның ішінен тағы бір мүрде табылды. Сөйтіп, сараптамадан кейін 72 жастағы отағасы да мерт болғаны анықталған. Екеуі де көптеген бас жарақаттарынан көз жұмыпты. Жедел уәкілдер бірден іздестіру шараларына кіріскенімен, зейнеткерлерді өлтірген күдіктіні тез арада ұстау мүмкін болмады. Сезікті тек бірнеше айдан соң ғана “Құқық тәртібі» жедел алдын алу шарасының барысында қолға түсті. Қамауға алынған Булаев қаласының тұрғыны  екі қариямен бұрыннан таныс екен.

  Қанат Қасенов, СҚО ІІД қызметкері:
Бұл қылмыс аяқ астынан болған. Күдікті бұл зейнеткерлерден қарыз алып, ақша қайтарылмаған соң жанжал туындаған.   


Сезікті әйел 83 жастағы  зейнеткерді таяқпен ұрып өлтірген. Қылмыс іздерін жасырып, жазадан құтылу үшін қорада жүрген үй иесін де басынан ұрған. Қария алған жарақаттарынан бірден көз жұмады.

  Қанат Қасенов, СҚО ІІД қызметкері:
-Булаев қаласының тұрғындарынан сұрастырғанда, бұл сезікті жаман жақтан мінезделді. Бұрын сотталған азаматтармен қарым-қатынаста  екен. Оған қоса  ол ішімдікке салынған.

Қазір күдікті әйел қамауға алынып, тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Жасын Біркенов