Білім

Білім күніндегі қоныс тойлары

 

 

 

 

 

  
Биыл дәстүрлі Алғашқы қоңырау мерекесі  Пески селосы тұрғындары үшін ерекше есте қаларлық болды.  Елді мекеннің 150 баласы осы оқу жылынан бастап жаңа мектепте білім алатын болды. Құрылысы өткен жылы басталған ғимаратқа республикалық бюджетттен 500 миллион теңгеден астам  қаржы бөлінген болатын.   Ғимарат 250 орынға шақталған. Мұнда  23 ұстаз еңбек етеді. Білім ошағы  қазіргі заманғы материалдық –техникалық базамен қамтамасыз етілген. Жабдықтар сатып алуға 6 млн теңге жұмсалыпты. Білім күні осында келген облыс әкімі Серік Біләлов мектепке “Газель” автомобилін тарту етті.  Жаңа мектепке де, машинаға да әсіресе балалар өте қуанышты. Мектептің ашылу салтанатынан кейін қонақтар жергілікті оқушылар жасаған сан түрлі дүниелер көрмесін тамашалады. Оқу жылының басталуына орай шәкірттер концерттік бағдарлама әзірлепті. Бұдан соң өңір басшысы жаңа мектепті, оның оранжереясын аралап көрді. Мектеп жанынан биылдан бастап 50 орынға шақталған  “Алтын бесік” шағын орталығы жұмыс істей бастады. Мектеп жанындағы учаскеде облыс әкімі ағаш отырғызып,  село тұрғындарымен әңгімелесті. Осы күні Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда 12 пәтерлі жаңа ипотекалық тұрғын үй де пайдалануға беріліп, бюджеттік сала қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер және еңбек ардагері баспаналы болды. Ауданда ипотекалық үй құрылысы даму үстінде. Өткен жылы Новоишимкада көппәтерлі тұрғын үй салынса, биыл аумағы 1 мың шаршы метрден астам тағы бір баспананың құрылысы басталды.