Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қайрат пен Айқынның көп күттірген концерті

 

 

 

 

 Конституция күні мерекесіне орай «Авангард» стадионында сәтсіз өткен концерт  Білім күнінде  қайта қойылды. Орталық алаңда ұйымдастырылған сазды кешке алғашында алданып, ақшасынан қағылғандар да шақырылды. Концертті ұйымдастырушылардың бірі – «КЕN INTERTAINMENT» продюсерлік орталығының директоры Ержан Қабдуллин болатын. Жерлесіміз салтанатты кешті өзі ашып, мәселенің мән-жайын түсіндірді.

  Ержан Қабдуллин,  «КЕN INTERTAINMENT» продюсерлік орталығының директоры:
 – Мен қалалықтардың осы концертті ақыры көре алатындарына қуаныштымын. Ұйымдастырушылар тарапынан техникалық ақауларға байланысты кеш үзіліп қалған болатын. Онда біздің кінәміз жоқ.

Одан кейін сахнаға  Айқын шықты. Гитараның сүйемелдеуімен ән салған жұлдыз жастардың көңілін бірден жаулады. Әсіресе  поп стиліндегі «Пах-пах» әні жиналған қауымның қызу қолдауына ие болып, өнер сүйер қауым шапалақтары мен қошеметтерін аямады. Ал Қайрат Түнтеков Майкл Джексонның композициясымен халықтың көңілінен шыға білді. Өнерпаз осы әнімен Латвияда өткен «Новая волна» халықаралық байқауында 4-ші орынды еншілеп, «қазақтың Майкл Джексоны» деп танылған еді. Одан әрі Қайрат француз тіліндегі жаңа әні мен репертуарындағы басқа шығармаларын орындады.

  Қайрат Түнтеков,  әнші:
 -Петропавл қаласы өте ұнады.
Алғаш рет келдім. Бұрын болмаппын. Ержанның арқасында келдік. Сәті түсті. Өте қуаныштымын. Көрікті қала. Адам көп. Энергиямызды халыққа төгеміз, шашамыз.

Қазақ эстрадасының жарық жұлдыздарымен ақыры бір жүздесіп, айызын қандырған халық қошемет көрсетумен болды. Бұл шын мәнінде де, көп күттірген концертке айналды. Жерлестеріміз мұндай шаралар  жиі өткізілсе дейді.

Көрермендер:

-Бәрі жақсы. 30-ы күні, әрине, өкінішті болды. Десек те, олар өз міндеттерін жақсы атқарып шықты.
 – Осындай жұлдыздар келе берсін. Біз тек қуанамыз, қарсы аламыз.

Гүлден Сәрсенбаева