Ауыл шаруашылығы

Есіл және Аққайың аудандарында астықтың жартысы жиналды

 

 

 

 

 Облыс әкімі Серік Біләлов жұмыс сапарын Аққайың ауданындағы тәжірибе станциясынан бастады. Биыл мұнда гектар басынан 22 центнер астық жиналмақ. Тәжірибе станциясы ылғал  сақтау технологиясының арқасында жақсы көрсеткіштерге қол жеткізбек. Биыл кәсіпорын 21 мың гектар алқапқа дән сіңірген. Қазір орақ жоғары қарқынмен жүріп жатыр. Облыс әкімі сары алтынның сапасын сұрастырды. Бүгінде бидайдың желімділігі 25-29 пайыздан айналуда. Қазіргі таңда астықты элеваторларға жеткізіп жатырмыз, дейді серіктестік басшысы.

  Белгібай Қанафин, «СКОС Опытная станция» директоры:
-Қазір біз Азық-түлік келісім-шарт корпорациясына 1 мың тонна астық тапсыруға дайындалып жатырмыз. Тапсырманы орындаған соң, бидайды нарық бағасымен сатамыз.

Бұдан кейін өңір басшысы “Астрахан” серіктестігінің алқаптарын аралады. Серіктестік басшысы Владимир Зимин облыс әкіміне орақ науқанының барысы туралы баяндады. Биыл мұнда гектарынан 10-11 центнер астық жинау жоспарланған. Серік Біләлов өнімнің  бір бөлігін Азық-түлік келісім-шарт корпорациясына сату қажеттігін айтты. Алайда диқандар бағамен келіспей отыр. Олардың айтуынша, бір тонна астық үшін 180 доллар – тым аз.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:
  – Сіздерге мемлекет биыл үлкен қолдау жасады. Ендігі кезек – сіздердікі. Жинаған астықтың 100 пайызын бер деп отырған жоқпыз ғой. Мәселен, әр гектардан 190 келіден беріңіздер. Мемлекет сіздерге қаржылай көмек көрсетті емес пе. Өз тараптарыңыздан да жауап қайтарыңыздар. Қуаңшылықтың кесірінен еліміздің бірқатар өңірлерінде биыл  астық болмай отыр.

Аудан бойынша астықтың  орташа шығымдылығы биыл гектар басынан 12 центнерді құрамақ. Облыс әкімі Аққайың ауданының барлық ірі агроқұрылым басшыларымен кездесті. Серік Біләлов қысқа мерзімде орақты аяқтап, Азық-түлік келісім-шарт корпорациясына астық жеткізуді бастауды тапсырды. Диқандар өңір басшысынан мемлекеттік сатып алулар бойынша астық өткізу көлемін қысқартуды сұрады. Ал облыс жетекшісі алдымен мемлекет алдында қарыздарды өтеу қажет екенін, содан кейін бидайды нарық бағасымен сатуға болатынын қадап айтты.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:
  – Егер ертең нанның бағасы 150 теңге тұрса, не болады? 15 мың теңге алатын зейнеткерлер қалай күн көрмек? Мемлекет сіздерге қаржылай көмек көрсетіп жатыр. Мәселен, сіз 7 млн. теңге көлемінде субсидия алдыңыз. Сондықтан мемлекетпен серіктес болуыңыз қажет.

Өңір басшысы бұдан соң Есіл ауданындағы алқаптарды аралады . Мұнда 82 агроқұрылым бар. Бұл аудан – облыс бойынша орақ науқанында көш басында келе жатқандардың бірі. Серік Біләлов диқандарға мемлекеттік сатып алулар бойынша облыстан 600 мыңдай тонна астық жөнелту керектігін хабарлады.

  Серік Біләлов,  СҚО әкімі:
  – Егер біз осы 600 мың тонна астықты тапсырмасақ, қалған астықты да сата алмайтын боламыз. Қазір Ресей бізден астық сатып алуға дайын. Алайда алдымен мемлекет алдындағы парызды орындау қажет. Өйткені, ол субсидиямен көмектесті емес пе.

Бүгінгі күні облыс бойынша астықтың 38 пайызы бастырылды. Орташа көрсеткіш – әр гектардан 9,5-9,8 центнерден айналуда. Өңір басшысы  Аққайың және Есіл аудандарының агроқұрылым басшыларына орақ  науқанын 10 күнде аяқтауды тапсырды.

Жасын Біркенов