Балалар

№ 20 мектептегі Білім күні

 

 

 Білім күніне жиналған қауым дәстүрге сәйкес мектеп табалдырығын  алғаш аттағалы отырған ұландарды қарсы алды. Биыл оқу ордасы бірінші сыныпқа 30-ға жуық шәкіртті қабылдаған. Білім алуға енді кіріскелі тұрған балдырғандарға құттықтау сөзін мектеп қонақтары жолдады.

  Ерлік Жанділдин,  ішкі саясат басқармасының бастығы:
 – Құрметті ұстаздар, бізге болашақта ұлттың ұлысы болатын үлкен азаматтарды тәрбиелеу, бәсекеге қабілетті білімі озық азаматтарды оқыту сіздердің парыздарыңыз. Жасөспірімдер біз сіздердің талаптарыңызға сенеміз.

Мектеп дәстүрі бойынша 11 сынып оқушылары ізбасарларына ескерткіш сыйлықтар беріп, апалық және ағалық тілектерін білдірді. Кейін бүлдіршіндер шеңбер құрып, тілектерін айтып, әуе шарларын аспанға жіберді. Үстіміздегі жылы  бұл мектепте 6 жас маман  еңбек жолын бастап отыр.  

  Дамира Етекбаева,  бастауыш сынып мұғалімі:
 –  Біз жақсы білім беруге тырысамыз. Сіздердің оқуда үлкен ынта танытатындарыңызға сенеміз.

Биыл  №20 орта мектеп 10 жылдық мерейтойын атап өтетін болады.  Бұл білім шаңырағының жалғыз қуанышы емес. Өткен оқу жылында түлектер  ҰБТ-ден орташа 95,8 ұпай жинап, білім ошағы үздік бес мектептің қатарынан көрінді. Жаңа оқу жылынан да үміт зор.

  Шарғия Мұқышева, № 20 орта мектеп директоры:
 –Жаңа оқу жылына дайынбыз. Қосымша құрал-жабдықтар алдық. 15 компьютер, интерактивті тақта әкелінді.

Салтанатты шарадан кейін кезек алғашқы қоңырауға да келіп жетті.  Қоңырау  сыңғырымен  балдырғандар сыныптарына тарқасты. Ыңғайлы парталарға жайғасқан  бүлдіршіндердің кейбірі әлден-ақ  өздерінің болашақтарын бағдарлап қойыпты,   қандай маман иесі болатындарын да біледі.

 Оқушылар:

-Мен бірінші сыныпқа келіп отырмын. Сабағымды жақсы оқимын. Мен банкир болғым келеді.
 -Мен бірінші сыныпқа келдім. Жақсы оқимын. Беспен оқимын.

Гүлден Сәрсенбаева