Білім

ЕС 164/6 мекемесіндегі дәстүрлі ашық есік күні

 

 

 

 Бүгін балалар колониясында ерекше күн. ЕС 164/6 түзету мекемесінің тәрбиеленушілері үшін арнайы мектеп жұмыс істейді. Қыркүйектің бірінде  барлық білім ошақтарындағыдай мұнда да алғашқы сабақ өтті. Тақырыбы – Президенттің игі істері, гүлденген Қазақстан. Мұнда жеткіншектердің үздіксіз білім алуларына бар жағдай жасалынған. Жоғары санаттағы ұстаздар  оқу процесін жаңа жобалар бойынша жүргізіп, әр тоқсан сайын тәжірибе сынақтарын өткізеді. Әдістемелік құралдар мен оқулықтар қоры жеткілікті. Түрлі жанрдағы әдеби шығармалармен де танысуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар кәсіптік лицей де жұмыс істейді. Жалпы 40 жылдық тарихы бар білім ордасы бүгінге дейін 12 мыңнан астам жазасын өтеушіге жаңа мамандық берді. Бұнда негізінен тасқалаушы, қырнаушы, тігінші, дәнекерлеуші автослесарь мамандықтарын меңгеруге болады

 Темірхан Ибраев, 164/6  мекемесі жанындағы мектептің директоры:
-Біз тәңертең мектепті бастап кеттік, Бірінші сабақ өткіздік. Енді ата-аналардың алдында оқушылар білімге, мектепке деген құштарлықтарын көрсетіп салды. Соған мұғалімдер өте қуаныштымыз.

Жаза басып темір тордың ар жағында отырған жасөспірімдерге  оқу жылының басталуына орай құттықтау сөздер  арналды. Жазасын өтеушілер  де қарап қалмай өздерінің  шығармашылық мүмкіндіктерін  көрсетті.  
Айман Сералина баласы Сабыржанның сахнада ән айтып белсенділік танытып жүргенін көріп қуанып қалды. Тағдыр тәлкегімен темір тордың ар жағына түсіп қалған  ұлын оқытып, тәрбиелеп жатқан мекеме қызметкерлеріне риза.

  Айман Сералина:
-Білім күнімен барлығын құттықтаймын. Әсіресе мекеменің қызметкерлері, мұғалімдерді. Біліп жүрсін, дұрыстап оқысын, тілдерін алсын біз әке-шеше балаларымызды күтіп отырамыз.  

  Сабыржан Сералин,  жазасын өтеуші:
-Біз бүгінгі күнді асыға күттік. Енді жаңа күшпен жаңа білім аламыз. Бұл күннің енді бір ерекшелігі жақын туыстарымызбен кездесе аламыз. Көп кешікпей олармен бостандықта қайта қауышатыныма сенімдімін.

Мерекелік шарадан соң сотталғандар мен олардың туған- туысқандары дастарқан басына жиналды. Кейін ата-аналар мекеменің ішін аралап, балаларына жасалған жағдайлармен таныса алды.

  
Жеңіс Ермұқанов