Қоғам

Жұмабек Тәшеневке мемориалдық тақта орнатылды

 

 

 

 
Жұмабек Тәшенев Ахметұлы  – 1932-52 жылдары Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін  талмай еңбек еткен азаматтардың бірі. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері,  Қазақ ССР  Жоғарғы Кеңесі президиумының төрағасы қызметіне дейін көтерілген. Есімі әрдайым ел есінде жүрген жерлесіміздің еңбегі тиісті бағасын алды. Петропавлдағы  Конституция көшесінде орналасқан ЦУМ  сауда орталығының қабырғасына Жұмабек Тәшеневке арналған мемориалдық тақта қойылды.

  Мұрат Тәшенев, Жұмабек Тәшеневтің ұлы:
 -Ең алдымен осындай айтулы күні баршаңызға әкемді құрметтеп келгендеріңізге алғысымды білдіремін. Әкемнің тек жақсы тұстары жайлы айтып жатырсыздар. Мен өте қуаныштымын. Мемориалдық тақтаны ашуға көмектескен облыс әкіміне үлкен рақмет.

Мемориалдық тақтаның осы көне ғимарат қабырғасына орналастырылуы бекер емес. Жұмабек Тәшенев 1948-52 жылдар аралығында дәл осы ғимаратта облыстық атқару комитетінде қызмет еткен. Ескерткішті ашу құрметі облыс әкімінің орынбасары Фархат Қуанғанов пен ұлтжанды азаматтың туысқандарына берілді.  Қазақ зиялылары Жұмабек Тәшеневке мемориалдық тақта ашуды 2008 жылдан ойластырып жүрсе керек. Абзал азамат ескерусіз қалмауы үшін талмай еңбектенген аға буын өкілдерінің бірі – Рүстем Уәйісов.

  Рүстем Уәйісов, облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы:
 – Маған жұмыс орныма бұрын қызметтес болған Тілегенов Төлеген деген азамат келді. Әкесі ол кезде Жұмабек Ахметұлы қызмет еткенде күнде жоспарлау жұмысымен айналысқан. Дәмдес болған. Осы кісіні біз неге көтермейміз, . ол кісі адал еңбек етті деді.

Қоғам қайраткерінің өмірі мен қызметі жайлы бірнеше кітап жарық көрді. Сондай-ақ, Астана мен Алматы қалаларында жерлесіміздің есімін иеленген көшелер бар.

Гүлден Сәрсенбаева