Спорт

Футболдан мемлекеттік қызметшілер арасындағы облыстық турнир

 

 

 Жасанды жасыл алаңға алғашқылардың бірі болып жол полицейлері мен құтқарушылар шықты. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің құрамасы  – былтырғы жарыстың жеңімпаздары. Десе де чемпиондар бірінші кездесулерін атақтарына сай өткізе алмады. Есепті бірінші болып ашқандарымен қуаныштары көпке созылмады. Жол сақшылары жақсы дайындықтарын танытып, есепті теңестірді. Алайда одан әрі  қарсыластар бірін бірі ала алмай 1-1 есебімен тең тарасты.

  Әділ Мұратов, СҚО ІІД ЖПБ инспекторы:
 – Cпорт -ол денсаулық. Біздің қызметке мықты жігіттер керек. Сондықтан ұйымдастырушыларға рақмет,  жеңеміз деп ойлаймын.

Бұнымен күш құрылымдарының бәсекесі тоқтаған емес. Турнирге қатысамын деушілердің қатары қалың болғандықтан үлкен футбол алаңы екіге бөлінді. Келесі бөлікте шағын футбол талаптарына сай кеден мен қылмыстық атқару жүйесі комитетінің аяқ доп шеберлері кімнің мысы басатынын тексеріп көрді. Бұл кездесуде кедендік бақылау департаментінің шеберлігі асты. Қарсыластың үш голына кеденшілер 8 рет жауап берді.

  Жеңіс Есләмов, СҚО кедендік бақылау департаментінің маманы:
-Өткен жылы жолымыз болмаған еді. Биылғы жарыста бұл олқылықтың орнын толтыру үшін жақсылап дайындалдық. Бастама жаман емес. Қалған ойындарды да өз пайдамызға шешіп, жүлдеге ілігуге тырысамыз.

Жалпы дәстүрлі дода бұл жолы 30-ға тарта құраманы жиды. Қалалық, облыстық және 8 аудандық әкімдік, мәслихат депутаттары мен 9 басқарманың әуесқой футболшылары, 5 аймақтық орган, 4 күш құрылымдарының құрамалары жеңіске жетеміз деп  келген. Қайсысының допты тәуір теуіп, мықты екенін анықтау үшін сайыскерлер үш топқа іріктелді. Әр кездесу 2 таймнан жарты сағатқа созылады. Үш лектегі тартыстардың жеңімпазы тамыздың 29-ында анықталады.

 

 Жеңіс Ермұқанов