Энергетика

Жылу энергиясы үшін тариф көтерілмейтін болды

 
 

 

 

 Үш кәсіпорын – “Петропавл жылу жүйелері”, “Солтүстік Қазақстан энерго орталық” ЖШС-нің, “СолтҚазЭнерго” АҚ-ның өз қызметтеріне берген ұсыныстары бойынша тариф орташа алғанда 28,2 пайызға өсуі керек еді. Яғни, компания жылудың шаршы метр үшін тарифті 72,56   тиыннан 93,03 теңгеге жеткізбек болды. Ал есептеу құралы бойынша бір текше метр суды ысыту бағасы 120 теңгеден 155 теңгеге өсіру ұсынылған-ды. Табиғи монополияларды реттеу департаментінің жанынан құрылған сараптамалық кеңес бірнеше ай тынбай жұмыс істеп, тарифті өзгертпеу туралы шешімге тоқтады.

 
  Марат Мұстафин, СҚО бойынша табиғи монополияларды реттеу департаментінің директоры:

-Тарифті қарағанда инвестициялық, жөндеу жұмыстары бар. Жұмысшылардың жалақысын қарастырдық. Қысқы жылыту жұмыстарына кедергі болмайды.  

Жаңа тариф жобасы бірнеше ай бойы сарапталды. Бұл уақытта тұрғындар әдеттегідей жаңа маусымда тарифтің көтерілуін күткен. Бірақ маусымның жағымды жаңалығы – жылу мен су ысыту үшін баға көтерілмейтін болды.

  Григорий Кухарь, Петропавл қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

Қазір тариф көтеретін уақыт емес. Монополистердің құқығын да, табыстарын да сақтапсыздар. Инвестициялық бағдарламаларға бөлінген қаржы да қысқартылмапты. Жылу, су, электр энергиясы үшін уақытылы төлейтіндер зейнеткерлер. Олар мұндай жаңалықты естіп қуанып қалады деп ойлаймын.  

Тарифті өсіру туралы ұсыныс түскелі жарғақ құлағы жастыққа тимеген қалалық мәслихат депутаты Анатолий Мишин коммуналдық қызмет құнын өсірмей сақтап қалған сараптама кеңесіне дән риза.

  Анатолий Мишин, Петропавл қалалық мәслихатының депутаты:

-Көмір мен мазут үшін шығын да есепке алынды. Ал компания үшін аса маңызды емес шығындарды ысыра тұруға болады, сондықтан халықтың көңілі тынышталады деп ойлаймын. Президент қысқа жақсы дайындалуды тапсырды. Осы жұмысты атқарып жатырмыз.  

Сараптама кеңесінің мүшелері монополистер тарифті өсіру туралы ұсынысты алдағы уақытта талай жасайтынын ескертті. Сондықтан ең алдымен энергия үнемдеуге, есептеу құралдарын орнатуға көңіл бөлу керек.

Әсем Сембина