Білім

Жаңа оқу жылына облыс орталығының мектептері дайын

 

 

 

 Облыс орталығындағы педагогтардың дәстүрлі тамыз кеңесін ашқан қала әкімі Нұржан Әшімбетов жиналған қауымды жақында тағайындалған қалалық білім бөлімі бастығының міндетін атқарушы Аманжол Бекеновпен таныстырды. Бұрынғы басшы Гүлжан Алтынбекова жаңа қызметке ауысқан. Аманжол Бекенов бірден іске кірісіп, мектептердің жаңа оқу жылына дайындығына тоқталды.

  Аманжол Бекенов, Петропавл қалалық білім бөлімі бастығының міндетін атқарушы:
 -Жаңа оқу жылына дейін барлық мектептер жөнделді. «Жол картасымен» 5  мектеп жөнделді. Бұған 81 млн тг. қаражат бөлінді. Сол жұмыстар бәрі бітіп жатыр. Бүгінгі күні жаңа оқу жылына барлық мектептер дайын.

Қыркүйектің бірінде білім қуған қала жасөспірімдерін 39 мектеп қарсы алмақ. Биыл білім беру ошақтарын кезекті жылыту маусымына дайындауға 206 млн. теңге құйылыпты. 14 млн теңгесі жаңа жиғаз алуға қарастырылған. 20 мектеп заманауи интерактивті онлайн жүйесінде жұмыс істейді. Үстіміздегі жылы да мектеп бағдарламасында үштілділікке баса назар аударылмақ. Қазақ тілін оқыту аясы кеңейтіледі. Бұл мақсатта облыс орталығының жалпы білім беретін 11 мекемесінде  мемлекеттік тілдегі сыныптар ашылады. Қазір мектеп жасындағы жергілікті ұлт өкілдерінің 55 пайызы ғана туған тілінде білім алып жүр. Биылғы оқу жылында 20 мың оқушыны 2 мыңнан астам ұстаз білім нәрімен сусындататын болады. Олардың 96 пайызы жоғары білімді тәжірибелі мамандар. Бастауыш сыныптар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасыларынан шыққан жеткіншектерді тегін ыстық тамақпен қамту биыл да жалғасын табады. Биылғы ҰБТ қорытындысы бойынша өңіріміз республикада 2-ші орында. № 20 мектептің түлектері орташа есеппен 95,5 ұпай жинап, туған мектептерін үздік білім ошақтарының қатарына қосты.

 Шәрғия Мұқышева, № 20 мектептің директоры:

– Ең біріншіден, ол ұстаздар қауымының еңбегі, сабақтан тыс қосымша оқушылармен жұмыс істеді. Балалар да үлкен жауапкершілікпен қарайды. Сондықтан екі жақты қол ұстасып жұмыс істесек, осындай нәтижеге қол жеткізуге болады деп ойлаймын.  

Үздіктер тізімінде 1-ші мектеп-лицей, классикалық гимназия, Бэст пен №23 мектеп бар. Жиында балабақшалар жайы да кеңінен талқыға салынды. Бүгінде қала бойынша 5 мыңнан астам бүлдіршін мектепке дейінгі тәрбие мекемелеріне кезекте тұр. Жыл соңына дейін балабақшамен олардың 575-і қамтылады деп жоспарланып отыр. Әзірге Петропавлда бүлдіршіндердің 59 пайызы ғана мектепке дейінгі тәрбие алуда. Осылайша ел болашағы жастарға сапалы білім, саналы  тәрбие берудің жаңа жолдарын бірлесе іздеген ұстаздар жаңа оқу жылында бұдан да нәтижелі жетістіктерге жетуді көздеп отыр.

 Жеңіс Ермұқанов