Елбасы ел халқына арнаған биылғы Жолдауында құқық қорғау жүйесін жаңғырту міндетін қойған болатын. Жаңа жүйе жоғары халықаралық талаптарға сай келуі тиіс. Осыған орай құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Құрылымдардың жұмысына қызметтік талдау жасалып, проблемалар мен олқылықтар анықталды. Әлемдік тәжірибе кеңінен зерттелді.
Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Елбасы қылмыспен күресуге қатысты мәселелерге үлкен мән береді. Құқық қорғау органдарын реформалау биылғы Жолдауда айтылды. Осыған орай Президент тамыздың он жетісі бұл жүйені түпкілікті жаңғыртуға бағытталған Жарлыққа қол қойды. Реформа құқық қорғау органдары жұмысының тиімділігін арттыруға серпін беретіні даусыз.
Реформа алдымен құқық қорғау органдарының құзыретін айқындау мен оларды жанама қызметтерден босатуға бағытталған. Осыған орай бірқатар өкілеттіктер өзге ведомстволарға берілмек. Мәселен, медициналық айықтырғыштар енді денсаулық сақтау министрлігіне қарайтын болады. Облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Анатолий Дермановский бүгінде бұл мәселе шешіліп жатқанын айтты. Ал кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейімдеу және оңалту орталықтары білім және ғылым министрлігіне, көлік құралдарын техникалық тексеруге қатысты өкілеттіктер Көлік және коммуникация министрлігінің қарауына өтеді.
Анатолий Дермановский, СҚО ІІД бастығының орынбасары:
– ІІМ-нің күзет қызметі саласындағы өкілеттігі, айрықша маңызды стратегиялық нысандарды есепке алмағанда, бәсекелестік ортаға беріледі. Ішкі істер министрлігі әкімшілік тұтқындауды атқару жөніндегі қызметті кезең-кезеңмен Әділет министрлігіне өткізеді. Осылайша ішкі істер органдары оларға тән емес қызметтерді атқарудан босатылады.
Құқық қорғау реформасының басқа бір маңызды бағыты құқық қорғау органдарының аппараттарын оңтайландыру болып табылады. Орталық және облыстық буындағы басқару аппараттарын қысқарту есебінен құқық қорғау органдарының қалалық және аудандық бөлімшелерін нығайтқан жөн.
Реформадан жергілікті атқару органдары да тыс қалмайды. Оларға құқық бұзушылықтың алдын алуға байланысты шараларға ерекше көңіл бөлу жүктеледі. Құқық қорғау жүйесін жаңғырту – берік құқықтық мемлекет құруға бағытталған. Бұның бәрі халықтың құқық қорғау органдарына, сөйтіп тұтастай билікке деген сенімін арттыруға мүмкіндік береді
Айымгүл Әбілева