Ауыл шаруашылығы

Астық бағасы 180 доллар деңгейінде



 

Мамандар биыл елімізде өткен жылдан қалған астықты қоса есептегенде 20 млн. тонна болады деген болжам жасап отыр. Үстіміздегі жылы қазақстандық астыққа сұраныс жоғары деді ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев. Бірақ бірінші кезекте ішкі нарықты қамтамасыз ету керек. Азық-түлік келісімшарт корпорациясы биыл диқандардан екі млн. тонна бидай сатып алмақ. Астықты Павлодар, Қарағанды, Қостанай, Ақмола, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстары жеткізеді. Біздің өңір мемлекетке 549,3 мың тонна бидай өткізуі тиіс. Астық тоннасының бағасы 180 доллар деңгейінде бекітілді. Ақылбек Күрішбаев бұл орайда ұн мен нан бағасының өзгермеуі қажеттігін айтты. Бұл мәселені жергілікті билік қадағалауы тиіс. Азық-түлік келісім шарт корпорациясы биылғы жылдың астығын сатып алуға тамыздың отызынан кіріспек. Үкімет басшысы жағдайды бақылауды ауыл шаруашылығы министрлігі мен «ҚазАгроға» тапсырды. Селекторлық кеңесте қуаңшылықтың зардабын тартқан өңірлердің жайы да сөз болды. Батыс Қазақстанға солтүстік өңірлерден 200 мың тонна астық жөнелтілмек. Сонымен қатар 80 мың тонна тұқыммен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Республикалық селекторлық кеңес аяқталысымен облыстағы жағдай талқыланды.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Бүгінгі селекторлық кеңестің қорытындысы бойынша менің төрағалығыммен комиссия құрамыз. Біздің облыс мемлекетке 549 мың тонна бидай өткізуі қажет. Биыл 4 млн. тонна астық жинап алатын болсақ, бұл 14-16 пайызды құрайды. Көп емес. Бүгіннен бастап бұл бағыттағы жұмысты бастау қажет.

Астық қабылдау кәсіпорындарының бүгінгі дайындығы да  назардан  тыс қалмады. Мамлют элеваторы астық қабылдауға дайын. Ал сыйымдылығы жүз алпыс мың тонна Булаев элеваторында  өткен жылдың тоқсан мың тонна астығы жатыр.  Азық-түлік корпорациясының басшылығы элеватор өткен жылғы астықтан босатылады деп сендірді. Жуық арада қырық бес мың тонна бидай шығарылмақ. Серік Біләлов элеваторларға қатысты жағдайды қатаң қадағалауда ұстау керектігін қадап айтты.

 

Айымгүл Әбілева