Білім

Тамыз конференциясы

 
 

 

 

 

 Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында облыс педагогтары тамыз конференциясында бас қосады. Кеңесте олар атқарылған істерге баға беріп, болашаққа бағдар жасайды. Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту, он екі жылдық білім беру жүйесіне көшу, кәсіптік білімнің сапасын көтеру – бүгінгі күннің маңызды міндеттері. Жыл өткен сайын балабақшалар саны артып келе жатқанымен, орын тапшылығы әлі де бар. Бүгінде облыс бойынша сегіз мың бала кезекте тұр. Әсіресе  облыс орталығында жағдай күрделі. Биыл қалада жаңа балабақшалар пайдалануға беріліп, 750 бүлдіршін мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылады. “Балапан” бағдарламасын жүзеге асыру барысында бұл мәселе алдағы жылдары толық шешілмек. Он екі жылдық білім беру моделіне көшу барысында облыста арнайы  бейіндік мектептер ашылады. Бұл мақсатқа 8 млрд. теңге бағытталмақ. Біздің өңір үшін  шағын  комплектілі мектептер – күрмеуі қиын мәселе болып қалуда.  Тамыз кеңесіне қатысқан облыс әкімі Серік Біләлов өңір педагогтарын жаңа оқу жылымен құттықтады.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Баршаңызды білім қызметкерлерінің тамыз конференциясымен шын жүректен құттықтаймын. ҚР дамуының негізгі басымдықтарының бірі – білім саласы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жас ұрпақ тәрбиесіне, білім беру ісіне көп көңіл бөледі. Президент жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында білім сапасын арттыру жөнінде үлкен міндеттер жүктейді. Білімді ұрпақ – өркениетті Қазақстанның болашағы. Облыстың тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы білім саласына оң ықпалын тигізуде.
Сіздерді келе жатқан Конституция және Білім күнімен құттықтаймын.

Өңір басшысы облыстың білім беру жүйесінде оң өзгерістер байқалады деді. Жыл сайын бұл салаға бағытталатын қаржы өсіп келеді. Бұл өз кезегінде оқу-тәрбие үрдісінің жақсарып, білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға мүмкіндік береді. Бұл жүйедегі оң өзгерістер тиісінше білім сапасына әсер етті. Оның дәлелі – ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі. Мәселен, 2005 жылы орташа ұпай – 60,24 болса, биыл 87,86 ұпайды құрады. Үстіміздегі жылы 71 түлек «Алтын белгі» иегері атанды. Бұл салада ауыз толтырып айтарлық жетістіктер баршылық. Біраз істің басы қайырылды, бірақ алда тұрған міндеттер бұдан да үлкен. Білімді ұрпақ тәрбиелеуде ұстаздар қауымына артылған жүк ауыр. Бұл өз кезегінде сіздерден зор күш-жігерді, кәсіби шеберлік пен шығармашылықты талап етеді деді облыс әкімі. Кеңесте Серік Біләлов ұстаздық жолға енді қадам басқан жас мамандарға   отыз мың теңге көлемінде сыйақы табыс етті. Үстіміздегі жылы еңбек жолын 365 мұғалім бастағалы отыр.Сондай-ақ ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша жақсы нәтиже көрсеткен Тимирязев, Шал ақын аудандары мен Петропавл білім бөлімдері ауыспалы кубокты иеленіп, облыс әкімінің ақшалай сыйақысымен марапатталды. Ал Ақжар, Тимирязев аудандарының кәсіптік лицейлері мен Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернат директорлары автокөлік кілттеріне ие болды. Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардагер ұстаздарға да құрмет көрсетілді. Сонымен қатар кеңесте Омбы мемлекеттік аграрлық университеті пен Жәлел Қизатов атындағы Есіл ауыл шаруашылығы колледжінің өкілдері өзара ынтымақтастық жөнінде келісімге қол қойды. Оған сәйкес ресейліктердің көмегімен  колледж базасында  агроном, ветеринар-дәрігер, инженер мамандықтары бойынша жерлестеріміз жоғары білім ала алады. Өйткені  бүгінде аграрлық салада мамандар тапшылығы байқалады.

Айымгүл Әбілева