Билік

Мәжіліс төрағасы – Қызылжар өңірінде



 

 
Мәжіліс Төрағасы алдымен “Абылай хан резиденциясы” мұражай- кешенінде болып, үш жүздің басын қосқан ұлы қолбасшы туралы жиналған мәліметтермен танысты. Күрделі жөндеуден кейін қалпына келтірілген кешенде атақты ханның тақ залы, қонақ жайын көруге болады. Абылай заманындағы шайқастар мен жүргізілген мемлекеттік келісімдер туралы ақпарат та молынан. Орал Мұхаметжанов мұражайдың қонақ кітабына Хан Абылайдың қазақ мемлекетінің өміріндегі орны жайлы өз пікірін қалдырды. Бұдан кейін Манаш Қозыбаев ескерткішіне гүл қойылды. Белгілі академиктің аты берілген Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде Мәжіліс төрағасы оқытушылар қауымымен кездесіп, олармен білім беру саласындағы өзгерістер, жаңашылдықтар, жоспардағы істер жайын талқылады. Мектептерді компьютерлендіру, “Болашақ” бағдарламасы – бұлардың барлығы ұлт болашағы үшін атқарылып жатқан игі істер. Ал аз жылда әлемге танылып, Еуразиялық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сияқты   үлкен қауымдастыққа төрағалық ету де кез-келген мемлекетті қолынан келетін іс емес.

  Орал Мұхаметжанов, ҚР Парламет Мәжілісінің төрағасы:

 –  Әлемдік аумақтағы көп мәселелер бойынша біздің ұлт көшбасшысының пікірі, яғни қазақстандықтардың ойы есепке алынады. Біз келесі жылы Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етеміз. Бұл кезеңді мен Қазақстанның жұздызды сағаты деп атар едім.

Ал “Нұр Отан” халықтық демократиялық партиясының филиалында Мәжіліс төрағасы өңір басшысы Серік Біләлов бастаған облыс активімен кездесті. Кездесуге Парламент депутаттары Жарасбай Сүлейменов, Раиса Полищук, Петр Дмитриенко, Иван Черкалин қатысты. Парламенттегі “Нұр Отан” партиясы фракциясының жетекшісі жиналғандарға “Жол картасы”, жедел индустриялық-инновациялық бағдарламаларының барысы туралы әңгімеледі. “Жол картасы” алғашқыда дағдарыстан шығуға арналған бағдарлама болса, бүгінде әр өңірдегі тұрғын үй-коммуналдық секторды, жол, құрылыс, денсаулық, білім саласын дамытуды жалғастыруда.

  Орал Мұхаметжанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

– Бағдарлама бойынша дағдарыс кезеңінде ғана халықты жұмыспен қамтамасыз етуіміз керек еді. Бірақ  бағдарлама өте жемісті болды. Оны жалғастыруды өтінгендер Президентке дейін жетті. Сондықтан бағдарлама 2010 жылы да жүзеге асырылып жатыр. Биылдың өзінде 130 мың жұмыс орны ашылуы керек.

«Жол картасының»  арқасында елімізде мыңдаған нысандарда күрделі жөндеу жүргізіліп, құрылыс жанданды. Жұмыс орындары ашылып, халық қосымша мамандық игерді.

  Орал Мұхаметжанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Сапалы жол экономиканың дамуының кепілі. 2009 жылы елімізде 190 млрд теңге жол құрылысында, жөндеу жұмыстарында игеріліпті. 2010 жылға 241 млрд теңге бөлінген. СҚО 2009-2010 осы салаға 9,5 млрд теңге бағытталған.

Келелі мәселелердің бірі болып отырған  тұрғын үй-коммуналдық саланы модернизациялау бағдарламасы Мәжілістің   қарауында. Жергілікті депутаттар бағдарламаны әлі де толықтыру керек екендігін айтады

  Сергей Худяков, Петропавл қалалық мәслихатының депутаты :

– Бағдарламада кемшіліктер мол. Мәселен, тұрғын үй қорына толық сараптама жасалмаған. Сондықтан бағдарламаны талқылау мерзімін ұзарту керек деп ойлаймыз.

Солтүстікқазақстандық депутаттардың сауалдары мен өтініштері Мәжіліс төрағасы жүргізген қоғамдық қабылдаулар кезінде де айтылды. Мәселен, Шал ақын аудандық мәслихатының хатшысы Николай Дятлов жергілікті әкімдерге бюджет бөлу мәселесін көтерді. Орал Мұхаметжанов та бұл мәселенің ұзақ жылдардан бері шешімін таппай келе жатқанын, бірақ күн тәртібінде екендігін айтты.

 Әсем Сембина