Бизнес және экономика

Кеден Одағы: алғашқы қорытындылар

 

 

 

 

 

Дәстүр бойынша ең әуелі брифинг өтті. СҚО кедендік бақылау департаментінің бастығы Әлібек Қартов Кеден одағы аясында атқарылған  жұмыстар туралы айтып өтті. 

 Әлібек Қартов, СҚО кедендік бақылау департаментінің бастығы:
 – Кедендік Одақ мемлекеттерінің тұрғындарына жолаушы декларациясын толтырудың қажеті жоқ. Ақшаларын өткізіп, шығаруға, автотранспортты уақытша өткізу үшін рәсімдеу керек емес.

Айта кету керек, кеден бекеттерінің жабылуына байланысты қымбат құрал-жабдықтар Оңтүстік Қазақстандағы шекарашыларға тапсырылатын болды. Ал кеденшілердің санын қысқарту жұмыстары әлі де жалғасуда.
Брифинг барысында журналистер  кедендік бақылау департаментінің питомнигінде болып қайтты. Мұнда талай есірткіге тосқауыл қойған 19 тазы бар.

Михаил Гниненко, СҚО кедендік бақылау департаменті контрабандаға қарсы басқармасының кинологиялық бөлім бастығы:
 Иісшіл иттер кинологтармен бірге арнайы орталықта үш ай жаттығудан өтеді. Олар бір-біріне үйреніп кету үшін әрдайым бірге жүреді.

Бельгиялық және неміс овчаркасы, лабрадорлар Алматыда арнайы үйретуден өткен.Бұл жаттығулар  оларды  кез-келген жағдайға дайын болуға даярлайды. Журналистермен өткен кездесу  “Жаңа жол” кеден бекетінде жалғасты. Күн сайын бұл шекараны екі мыңға жуық азамат кесіп өтеді. Кеден одағы жұмысын бастағалы көрші елге қатынау біраз жеңілдеген. Шекарада кезек жоқ. “Жаңа жол” қызметкерлерінің айтуынша, жұмыс көлемі де азайған.

Данияр Қамашев, “Жаңа жол” кеден бекетінің маманы:
 – Бұрын шекарадан өту үшін біраз уақыт өтетін. Кедендік құжатты рәсімдеу үшін 1,2 сағат жұмсалатын. Ал қазір оған тек 10,15 минут қажет.

Жол азабын жүрген біледі демекші, жиі сапарға шығатындар шекарадан өтудің бар қиындығын сезініп келді. Александр Воложанин Ресейден Алматыға жүк тасиды. Бір айда шекараны  екі-үш рет кеседі.

Александр Воложанин,  жүк тасушы:
 -Бұрындары шекарада біраз аялдап тұратынбыз. Енді кезексіз өте береміз.

Гүлден Сәрсенбаева