Ауыл шаруашылығы

Аграрийлерге бөлінген қосымша несие



 

  “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ қалалық бөлімшесі бастапқыда мал шаруашылығымен айналысатын азаматтарға қолдау көрсету мақсатында ашылған болатын. Уақыт өте келе қор қызметкерлері агроөнеркәсіп кешенінің  барлық саласына қаржылық көмек беруге көшті. Бүгінде жеке кәсіп иелеріне 400 мың теңгеге дейін шағын несие бөлінеді. Жылдық сыйақы 9,5 пайызды құрайды. Қарыз 2 жылда өтелуі тиіс. Мұндай жеңілдіктер несие алушылардың қатарын қалыңдатты. Нәтижесінде қаржылай қолдау қорына биыл тағы қосымша қаржы бөлінді.

  Кәмила Құрымбаева, несие офицері:
 -Біздің қорға 80 млн қаржы бөлінген болатын, жоспарды аяқтадық. Қосымша 40 млн теңге бөлінді. Қазір қаржыны бөлу жұмыстарын атқарып жатырмыз.

Жақында қаржылай қолдау қоры шағын несиелендіруге “Табиғи орта” бағдарламасын енгізді. ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі орман және аңшылық шаруашылығы комитетімен бірлесіп қолға алынған.

  Әлия Әубәкірова,  несие инспекторы:
 – “Табиғи орта”  атты несие түрі табиғаты аса үлкен күтімді қажет ететін аймақтарға бөлінеді. Өлкемізде ондай ошақтардың саны  – 25. Бүгінгі таңда біз Айыртау ауданымен тығыз жұмыс істеп отырмыз. Несие 4 млн 380 мың 300 теңгеге дейін бөлінеді. Қарызды өтеуге берілетін мерзім 6-дан 54 айға дейін. Жылдық сыйақы ставкасы 10 пайыз.

“Табиғи орта” несиесі баламалы қуат көздерін енгізуге, орман, балық шаруашылықтары мен экологиялық туризмді дамыту мақсаттарына да беріледі. Дегенмен, биыл мал және өсімдік шаруашылығын дамыту мақсатында несие алушылардың саны толастар емес. Мәселен, сонау Шал ақын ауданынан ат терлетіп келген Алма Қазиева ірі қара өсірумен айналысады.  Ол  несиеге алған қаржыны мал басын көбейтуге жұмсамақ.

  Алма Қазиева,  кәсіпкер,Шал ақын ауданы:
 – Мұнда мал ұстауға кредит беріп жатыр дегесін келдік. Проценті аз дейді. Ыңғайлы жері несие екі жылға беріледі. Оған дейін малды өсіріп, сатып та үлгереміз.  

Тағы бір жағымды жаңалық – үстіміздегі жылдан аграрлық саланың жас мамандары да 3 жылға шақталған қаржылай көмекке жүгіне алады.

Гүлден Сәрсенбаева