Әр түрлі

“Нұр Отанда” өткен кездесу кеден мәселелеріне арналды

 

 

 

  

Кеден одағының күшіне енуіне байланысты кеденшілер мен салық органдарының мамандары, кәсіпкерлер дөңгелек үстелдер мен семинарларда жиі кездесіп жүр. Әр жиында жаңа одақтың тиімді тұстары, кеденнен өту кезіндегі құжат айналымы, тауар тасымалына қатысты өзгерістер талқыланады. Ал «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының ғимаратында өткен кезекті жиында шекарашылар өз салаларына қатысты жаңашылдықтармен бөлісті.

  Ерке Қайыппаев, Петропавл шекара бақылау отрядының штаб бастығы:

-Кеден одағына енуімізге орай көлік құралдары мен жолаушылардың жеке заттарын тексеру айтарлықтай жеңілдетілді. Яғни, барлығын бірдей емес, күдік тудырған көліктерді ғана тексеруге аламыз.

Екі айға жуық уақыт ішінде ортақ кедендік тариф, салық төлеу тәртібі, құжат айналымы бір ізге келді. Бүгінде шетелден көлік әкелушілерге бір реттік жеңілдікті пайдалану жолдары түсіндірілуде.

Наталья Белокопытова, СҚО бойынша кедендік бақылау департаментінің кедендік кіріс бөлімінің бастығы:

-Жеке тұлғалар үшін бір көлік әкелуге жеңілдетілген салық ставкасы қарастырылған. Бұл шамамен 1-1,5 мың еуроны құрап отыр. 

Бұл күндері тұрғындар да кеден  одағының  қыр-сырын меңгере бастаған. Шекарашылардың айтуы бойынша, соңғы екі айда жүк тасымалы артыпты. Кәсіпкерлер ендігі уақытта көрші республикалардан келетін тауар бағасын төмендетуге де болатынын айтады.

  Бақытжан Сәмиева, “СҚО іскер әйелдері” қауымдастығының төрайымы:

– Біздің келіншектер бар. Олар дәрілер кіргізеді. Көтерме жеткізу бағасын төмендету керек. Полимер, құрылыс материалдарын әкелетіндер көп. Сондықтан жеңілдіктер мол деп ойлаймын.

Осылайша Қазақстан, Ресей мен Белорусь арасындағы достық қарым-қатынас арадағы шекара машақатын да азайтқан. Ендігі уақытта Ресейден елімізге келетін тауардан гөрі, керісінше көрші елдің нарығына шығарылатын өнімді молайту міндеті тұр. Кедендік одақтың жеңілдігін осы тұрғыдан да сезіну керек.

 

Әсем Сембина