Ауыл шаруашылығы

Оралмандар көкөніс өсіруге бейімделуде

 

 

  

 

Үлкен жолмен өткен-кеткен жұрт аз уақытта бой көтерген Бәйтерек ауылын сырттай қарап қызықтайды. Ал ауылға ат басын бұрсаңыз, қайнаған жұмыстың ортасына түсесіз. Бірнеше компания ақ шаңқан үйлердің қабырғасын тұрғызып, шатырын жауып жатыр. Қыз-келіншектер қақпа-шарбақты сырлауға жұмылдырылған. Ал Ресейдің Түмен облысынан келген Маринаның тірлігі өзгеше. Облыс орталығында пәтер жалдап тұратын төрт баланың анасы ертемен жылыжайға кіреді. 3 сотық жылыжайға биыл 900 түп қияр отырғызыпты.

  Марина Қазбекова:

-Теплицадан қорқып едік. Бір жетіден кейін ұнады. Көшіп келетіндерге айтарым: алыңдар. Істесеңіз- өзіңізге жақсы болады.

Бұрын-соңды жылыжайда еңбек етіп көрмеген тұрғындарға жыл бойы Шымкенттен шақыртылған агроном көмектеседі. Әбдіәзім Қамалов қиярдың Криспина F1 сұрпын солтүстіктің жеріне бейім деп таңдапты.

  Әбдіәзім Қамалов, агроном:

-Криспина әкелінді, Голландиянікі, солтүстікке бейімделген вариант есебінде. Әр түптен 4-5 кг , тіпті 7 килограмм алуға болады.  

Жылыжайда тамшылатып суару әдісі қолданылады. Қыста жер жылытылады. Яғни ерте көктемде жұмысты бастап, қара күзге дейін өнім алуға болады. Қазір гүлдей бастаған қиярдың алғашқы партиясы қыркүйектің басында саудаға түседі деп күтіліп отыр. Ал келесі маусымда “Тобыл” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қияр мен қызанақ өсіретін жылыжайлардың санын бірнеше есе көбейтпек.

Еңбек Исин, “Тобыл” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының менеджері:

-“Тобыл” корпорациясы 50 жылыжай қондырғыларын сатып алып, орнатып жатыр. Әзірге 8 жылыжайға қияр отырғыздық. Әрбіріне 900- 1000 түп қияр немесе 900 түп қызанақ отырғызуға болады.  

Бәйтеректік өнімді саудаға шығару үшін Қызылжар ауданынан сервистік-дайындау орталығын ашу жоспарланып отыр. Осылайша жаңадан бой көтерген ауылдың біраз тұрғынын жұмыспен, облыс орталығын көкөніспен қамтамасыз ету мәселесі шешілмек.

 

Әсем Сембина