Жасы 60-ты алқымдаған Сакиния Хусаинованы соңғы уақытта бас ауруы жиі мазалайтынды шығарған. Тимирязев аудандық ауруханасының дәрігерлері қарияның дертін жастың ұлғайғанымен байланыстырған. Нақты диагнозды 1,5 ай бұрын облыстық аурухананың дәрігерлері қойыпты. Магнитті томографиялық тексеріс арқылы қарияның миында ені 6 см, ұзындығы 8 см жеткен ісік анықталған. Томографиялық сурет пен сараптама қорытындылары дереу республикалық нейрохирургиялық орталыққа жіберілді. Алайда елордалық мамандар ота жасаудан бас тартып, науқасты дәрі-дәрмектің көмегімен емдеуге кеңес берген.
Анатолий Волвенко, облыстық аурухананың нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі:
-Тамыздың 8-інде бастың шаншуы күшейіп, Сакиния Хусаинова есінен танып қалған. Немересі жедел жәрдем шақырып, ол күндізгі екілер шамасында облыстық ауруханаға жеткізілді. Кезекші дәрігер Сатин Смайыл Зейноллаұлы пациентті тексеріп шықты.
Дәрігерлер бірден емделушінің басындағы қан қысымын төмендеткен. Көп кешікпей, жедел түрде ота жасау жөнінде шешім қабылданды. Ах халатты абзал жандар Сакиния Хусаинованың өмірін сақтап қалу үшін операция үстелінде ісікпен екі сағат бойы күресті. Еңбектері зая кеткен жоқ. Қазір қария дін аман.
Сакиния Хусаинова:
-Таңертең оянсам айналамда ақ керуеттер. Алдымен қайда жатқанымды түсінбей шошып кеттім. дәрігер келіп, ота сәтті жасалды дегенде тірі екенмін ғой деп қуанып қалдым. Дәрігерлерге мың да бір алғыс. Қолдары алтын, бекерден оқымағандықтарын таныттып, ерлік жасады деп айта аламын.
Дәрігерлер науқастың келесі аптада толығымен жазылып шығатындығын айтады. Сақиния апай көп кешікпей туған-туыстарыммен, немерелеріммен қайта қауышамын, Алла жазса, шөбере де сүйіп қалармын дейді. Енді ол жыл сайын тамыздың сегізінде екінші туған күнін атап өтетін болады.
Жеңіс Ермұқанов