Балалар

Еріктілер ұйымдастырған лагерь

 

 

12 жасар Асқар Шәріповтің көзі нашар көреді. Дәрігерлер туа біткен кеселдің емін таба алар емес. Асқар бүгінге дейін түстерді ажыратып, сөздерді өзі құрастырып оқитын дәрежеге ғана жеткен. Мамандар оның қабілеті мен құлшынысы мол, өздігінен сурет салып, жаза алады, мектеп табалдырығын аттауға дайын дейді. Десе де жанары жарық дүниені толық қабылдамағандықтан ол қатарластарымен жалпы білім беру жүйесі бойынша оқи алмайды. Ал облыста бұндай арнайы білім мекемелері жоқ. Сондықтан Асқар оқу бағдарламасын үйде меңгеретін болады.

  Гүлнәр Шәріпова:
-Асқар таңертең тұрысымен қашан барамыз деп асыға күтеді, мында көп балалар келеді. Солардың бәрімен қарым-қатынас жасап жақсы  әсер,  жақсы көңіл алады. Лагерьді ұйымдастырғандарға рақметімді айтамын, жылда болады деп үміттенеміз.

Жазғы лагерьге Асқар сияқты 6 дан 16 жасқа дейінгі мүмкіндіктері шектеулі балғындар жиналған. Сауықтыру ошағында жеткіншектерге барлық жағдайлар жасалыпты. Балғындар мұнда арнайы бағдарламамен дұрыс сөйлеу, жазу, оқу мен уақыттарын қызықты өткізуді үйреніп, шығармашылық дарындарын ашуға мүмкіндіктері бар. Ортопедиялық гимнастика жасап, денелерін жаттықтырады. Әсіресе тірек-қимыл жүйесі зақымданған жасөспірімдермен кешенді емдеу жұмыстары жүргізіледі. Ол үшін заманауи жаттығу жабдықтары жетерлік. Барлық жаттығулар мен ой- өрісті кеңейтетін танымдық сабақтар ойын түрінде өтеді. Солтүстікқазақстандық жарымжан жеткіншектерге осындай тамаша сауығу бағдарламасын Әлем корпусының еріктісі Кэтрин Бергесон ұйымдастырған. Америка азаматшасы қаражатты да шетелдегі туыстарынан жинап әкелген.

Кэтрин Бергесон, АҚШ Әлем корпусының еріктісі:
– Біз түрлі ойындар ойнаймыз. бірге сабақ оқып, үй тапсырмаларын орындаймыз. Мен үшін бұндай балалардың шаттық күлкісінен басқа ештеңе керек емес. Сол сәтте өзімді бақытты сезінемін. 

Әлем корпусы игі бастаманы осымен екінші рет қолға алып отыр. Мүмкіндіктері шектеулі балаларды оңалту тәжірибелік интернаты да жобаға атсалысып, ғимаратын пайдалануға берген. Тәрбиеші мамандар   тегін қызмет етеді. Бар қаражат жасөспірімдердің қажеттілігін қамтамасыз етуге жұмсалған. 2 апталық игі іске мың доллар жұмсалыпты. Сұм тағдыр аяқтарынан шалған жарымжан балалардың жүздері балбұл жанып, көздерінен бақытты өмір сүруге  деген құлшыныс байқалады. Бұл үшін оларға бар болғаны сәл көңіл аударсақ жеткілікті екенін шетелдік меймандардың бастамасы көрсетіп отыр.   



 Жеңіс Ермұқанов