ТКШ

Облыс орталығында су құбырлары жөнделіп жатыр

 

 

 

 

Соңғы рет Муниципалдық телеарнаның түсіру тобы Заречный кентінде өткен қыста болған еді. Ол кезде тұрғындар құдықтардың үнемі қатып, істен шығып қалатынына шағымданған-ды. Қыстың ызғарлы күндері ондаған үйлер сусыз қалды. Ал үшінші Заречный көшесінің тұрғындарына  тіптен ауыр тиген – бұл жерде су құбыры мүлде тартылмаған болатын.

 Любовь Пашкова:
– Бізде бұл жерде мүлде су болған емес. Бәріміз суды Екінші Заречный көшесінен тасимыз. Бұл жөнінде әкімдікке арыздандық. Енді міне істеп жатыр.

Қазір бұл жерде “Петропавл су” кәсіпорнының жұмысшылары жаңа су құбырын төсеп жатыр. Сондай-ақ осы маңайға тағы бір құдық орнатылмақ. Чкалов және Жұмабаев көшелерінің қиылысында да жұмыстың қызған шағы. Бұл жердегі су магистралі тамыздың аяғына дейін 500 миллиметрлік жаңа құбырға ауыстырылады.

Ш
ұғайып Ибатуллин,  “Петропавл су” АҚ бөлім бастығы:
-Құбырлар ескірген. Сондықтан ауыстырып жатырмыз. Жалпы ұзындығы 650 метр құбыр төселеді. Техника бар. Жұмысшылар бар. Айдың аяғына дейін барлық жұмыстарды аяқтаймыз.

Үстіміздегі жылы қала бойынша 11 шақырым су магистралін қалпына келтіру жоспарланған. Бүгінде алты шақырымында жөндеу аяқталыпты. Маяковский көшесінде де жаңа су құбыры төселуде. Бұл мәселені тұрғындар қала әкімінің  есептік кездесулерінде бірнеше мәрте көтерген.

Сергей Визеров,  “Петропавл су” АҚ бас инженері:
Кезінде тұрғындар суды зауыттан алған. Қазір бұған зауыттың жаңа иелері тыйым салды. Осы орайда біз бұл жерге жаңа су құбырын тартуды жөн санадық. Бүгінде жұмыстар жүріп жатыр. Көп ұзамай бұл ауданда су болады.

Сондай-ақ кәсіпорын жұмысшылары өрт гидранттары мен құдықтарды да жөнге келтіруде. Бұл шаралар кәсіпорынның өз қаржысына жасалып жатыр.

 Айымгүл Әбілева