Әр түрлі

Ауа тазалығы үшін

 

 

 

Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы мен жол полицейлері таза ауа қабатын сақтау мақсатында күш біріктіріп, ереже бұзушыларды анықтауға шықты. Рейд барысында негізінен дизель отынымен жүретін автобустар мен жүк көліктері тоқтатылды. Көліктен шығатын түтін мөлшері арнайы “Мета-1” аппаратының көмегімен анықталады. Құрал жанармай қалдықтарының ауаға қаншалықты зиянды екенін бірнеше минутта көрсетіп береді.

Әбілсейіт Жолаушин,  СҚО ІІД жол полициясы басқармасының инспекторы:

-Мемлекеттік стандарт  бойынша 40 проценттен аспауы керек. Егер нормадан асса, жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Бір сағаттық рейд кезінде тоқтатылған бірнеше автобус пен жүк көліктерінің иелеріне қатысты прокурорлар мен жол полицейлері хаттама толтыруға мәжбүр болды. Ауаны улап жүрген жүргізушілер көліктерін жақында ғана тексерістен өткізгендерін айтады.

Алексей Литовченко, жүргізуші:

-1,5 ай бұрын тексерістен өткенде шамадан тыс газ бөлінетіні анықталмап еді. Сондықтан  бар кінәрат дизель  отынында деп ойлаймын.  

Табиғат  қорғау прокурорлары жанар май құю станцияларын да тексеріске алмақшы.

Болатхан Нұрышкенов,  СҚО табиғат  қорғау прокуроры:

-Бұл үлкен жұмыстың басы. Осыдан кейін үлкен авто ұжымдарға, кәсіпорындарға барып тексеріс жасаймыз. Жеке адамдарға 7 мың теңгеге дейін, лауазымды адамдарға 15-тен 500 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады.

Ауа тазалығын сақтауға шақырған табиғат  қорғау прокуратурасының мамандары алдағы уақытта жылу орталықтары мен қазандықтардан шығатын түтін мөлшерін де тексеріп, экологияның ластануына жол бермеу шараларын жүзеге асыруға кіріспек.

Әсем Сембина