Ауа райы

“Қазақстан-Петропавл” ТРК-ның жаңа басшысы

  
Өңір басшысы алдымен телеарнаның материалдық- техникалық базасымен танысты. 50 жылдық тарихы бар арнаның жылдық қаржы қоры 52 миллион теңге болса, оның 32 миллионы облыстық бюджеттен бөлінеді. Қалғаны телеарнаның ақылы қызметтері арқылы түседі.  Облыс әкімі арна қызметкерлерімен   әңгімелесіп, студияның қазіргі жағдайы, жұмыс барысы жайында сұрады. Қазір мұнда 71 қызметкер еңбек етеді. Телерадиокомпания құрамында    облыстық радио да жұмыс істейді. Осы жылы оның хабар таратқанына 80 жыл толып отыр. Алайда материалдық- техникалық базасы заман талабына сай емес. Осыған назар аударған облыс әкімі жағдайды оңалту жағын ойластыру қажеттігін атап көрсетті. Бұдан соң ұжымға телеарнаның жаңа басшысы таныстырылды. “Қазақстан РТРК” СҚОФ директоры қызметіне Ерлан Тоқшылық тағайындалды.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:

 

-Ерлан Тоқшылық – қабілетті азамат. Үш жыл ішінде өзін жақсы қырынан таныта білді. Жас болса да, жұмысқа жауапты. Алдағы уақытта да сенімді ақтайды деп ойлаймын. Ұжым бар, ендігі жерде бірлесіп еңбек ететіндеріңізге сенім мол.

  Ерлан Тоқшылық Қарағанды облысында туған. Жасы 33-те. Білімі жоғары. Журналист-магистр. Қарағанды облысындағы бірқатар гезеттерде бас редактор  қызметін атқарған. Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінде аға оқытушы және облыстық телеарнаның редакторы болып еңбек етті. Жаңа орынға тағайындалғанға дейін соңғы үш жылда облыс әкімінің баспасөз хатшысы әрі кеңесшісі болып жұмыс істеді.

  Ерлан Тоқшылық,  “Қазақстан РТРК” СҚОФ директоры:

 -Құрметті Серік Сұлтанғазыұлы, Сіздің жаныңызда жұмыс істеген уақытта мол тәжірибе жинақтадым. Сенім артып, осы қызметке ұсынғаныңыз үшін үлкен рақмет. Елбасының, сіздің қойған тапсырмаларыңызды ұжыммен бірлесіп атқаруға уәде етемін.

Биыл облыстық телеарнаның құрылғанына 50 жыл толып отыр. Облыс әкімі жаңа басшыға қос мерейтойды жоғары деңгейде атап өту үшін әзірлікті бүгіннен бастап қолға алу керектігін тапсырды.
 

 

 Самат Есмағи