Жол картасы

Облыс әкімі «Жол картасы» нысандарын аралады

 

 

 

 

Қалалық мәдениет үйінің іргетасы 1930 жылы қаланған. Күрделі жөндеуді өнер ошағы соңғы рет 1986 жылы көріпті. Содан бері тек сырлап-қырлаудың арқасында жұмыс істеп келген ғимаратқа биыл «Жол картасы» бойынша күрделі жөндеуге 136 миллион теңгеге жуық, ал маңайын көркейтуге 46,5 миллион теңге қаражат бөлінген-ді. Ондағы жұмыс барысымен облыс әкімін таныстырған “Альфа Север” серіктестігінің басшысы Андрей Капустиннің айтуынша,   жұмыс кестесінен бір айға кешеуілдеу болған , қазір бәрі орнына келе бастапты, жоспар бойынша нысанды қазан айында тапсыру керек.  Осы күнге дейін нысанға бөлінген қаражаттың 70 пайызы игерілген. Көріктендіру жұмыстары да аяқталуға жақын. Ғимараттың жылыту жүйесі, есік, терезелер мен шатыры алмастырылып, қазір ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алайда үлкен нысанда жұмысшылар  жеткіліксіз. Мәселен, әрлеу жұмыстарына 34 адам аздық етеді, кем дегенде 100 адам болуы керек.  Облыс әкімі серіктестік басшысына суық түскенге дейін сыртқы әрлеуді аяқтап, ішке ену керектігін айтты. Бұдан соң Серік Біләлов Сәтпаев көшесінде жер асты суағарларына жүргізіліп жатқан жөндеу және асфальт төсеу жұмыстарымен танысты. Бұл да «Жол картасы» шеңберінде жүзеге асып отыр. Суағардың жалпы ұзындығы 950 метр, оған 30 миллион қарастырылса, 967 метр жолға бөлінген қаражат 27 миллион теңгені құрайды. Қалалық тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық бөлімінің бастығы Боташ Қайнетов жоспардың 70 пайызы орындалғанын жеткізді. Барлық жұмыстар қазан айында аяқталуы тиіс. Облыс әкімінің назарынан таяуда ашылған “Континент” ойын-сауық кешені де сырт қалмады. Заман талабына сай тұрғызылған ғимаратта екі үлкен зал бар. Салтанат залы 400 орынға шақталса, мейрамхана бір мезетте 200  адамды қабылдай алады. Нысан ішін аралап көрген өңір басшысы бұл шағын және орта кәсіпкерліктің дамып келе жатқанының тағы бір дәлелі екендігін атап көрсетті.
 

 

Самат Есмағи