Ауыл шаруашылығы

Элеваторлар жаңа астықты қабылдауға дайын



 

 

Облыстағы 48 астық қабылдау пункті түгел дерлік арнайы комиссияның тексерісінен өтіп, жаңа маусымға дайындығын көрсеткен. Өңірдегі қабылдау, сақтау орындарының жалпы сыйымдылығы 3,1 миллион тоннаны құрайды. Әзірге бар орынның 43 пайызында өткен жылдың астығы жатыр. Апта ішінде бидайдың біраз бөлігі шығыс өңірлерге жөнелтілмек.

Қатыран Қарманов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:

-Мемлекеттің ресурсындағы астық өзге облыстарға жеткізіледі. Бұл шамамен 240 мың тонна бидай. Бүгінде біздің элеваторларымыз 2 миллион тоннадан астам жаңа астықты қабылдай алады.

“Петропавл-Астық” кәсіпорны жаңа бидайды қабылдауға сақадай сай. Бүгіннің өзінде алтын дәннің 30-35 мың тоннасын сақтауға алуға болады. Егер өткен жылғы астық шығарылса, сыйымдылық 50-60 мың тоннаға дейін жетеді.

Владимир Карпов,  “Петропавл-Астық АҚҚ” ЖШС бас инженері:

-Өз қызметтерімізге, оның ішінде, қабылдау, кептіру, сақтау, тазалау, авто , теміржол көлігіне тасымалдау бағасы соңғы үш жылдан бері өзгерген жоқ. Биыл да баға осы деңгейде сақталады.

Кәсіпорын ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен биылғы астықтың 30 мың тоннасын қабылдауға келісім жасаған.  Бұл күндері элеватор жаңа астыққа орын дайындауға  кіріскен.  Жаңа астықтың сапасын білу үшін серіктестіктерден сынақтық бидай да түсіп жатыр. Іріктеп, тазалығын көргеннен кейін, клейковина анықталады.  Ал жақын күндері элеватор басындағы жұмыс қызбақ. Бірақ өткен жылғыдай емес, биыл диқандар бидайды астық қабылдау орындарына жеткізуге асығып отырған жоқ.
 

 Әсем Сембина