ТКШ

Тазалық үшін бірлескен күрес

 

 

 

 

Ауладағы қоқыс үйіндісі туралы шу шығарған тұрғындар өздерінің әрекеттерінен нәтиже шыққанына қуанышты. Телеарнаның түсіру тобынан сәл бұрын жүк машинасы да, “Жолаушы СК” серіктестігінің өкілдері де келіп, қоқысқа арналған контейнерлер мен оның маңын тазартуға кірісіпті.

  Вера Титова:

 – Бұларға не болғанын білмеймін. Әдетте контейнердегі қоқысты ғана әкететін. Ал сыртындағы үйіндінің жоғары жағын ғана тиейтін.  

Тұрғындардың айтуы бойынша, тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнерлер күнде босатылады. Ал айналасындағы үлкен жәшіктер мен ағаш бұтақтарын тиейтін көлік сирек қатынайды.  Бұл маңдағы үйлердің бірінші қабаттарында түгел дерлік дүкендер мен кеңселер орналасқан. Ал олар қоқыс тасымалдаушы компаниямен келісім жасамаған.

  Тимур Мислауров,  “Жолаушы СК” ЖШС директорының орынбасары:

-Бізбен келісімге отырмаған дүкендер көп. Үлкен көлемде қоқыс шығаратындар осылар. Ендігі күресіміз солармен болмақ.  

Енді кеңсе, дүкен иелерімен күресте тұрғындар көмекке келетін болды. Оның үстіне өткен аптада осы ауладағы пәтерлердің бірінде өрт болып, бүлінген мүлік сыртқа лақтырылыпты. Көптің көмегімен аула тазаланып, қоқыс көлікпен жөнелтілді. Енді аула тұрғындары тұрмыстық қалдықтарын ортақ контейнерге таситын кәсіпкерлермен күрес жолдарын ойластыруға кірісті. Ал серіктестік кешікпей көпшіліктің көңілінен шығатын кәсіпорынға айналуға уәде берді.

 

Әсем Сембина