Ауыл шаруашылығы

Кезекті селекторлық кеңестің тақырыбы – орақ науқаны

 

 

 

 
Өткен аптаның ортасында басталған егін орағының барысы  жайында облыстық  селекторлық кеңеске қатысушыларды облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Сапаров құлағдар етті.

Айдарбек Сапаров,  облыс әкімінің орынбасары :

-Қазіргі күні жалпы егіс алқабының 880 мың гектары оруға дайын. Астық сапасы жақсы. Тура соғуға мүмкіндік бар. Бүгінге дейін жалпы алқаптың 5,3 пайызы дестеге түсірліп, 11,8 пайызы бастырылды. Орта есеппен гектар берекелілігі 8,6 центнерден айналуда. Қызылжар, Мамлют, Мағжан Жұмабаев аудандары көш бастап келеді.

 Алайда  кей аудандарда әлі танапқа шықпаған агроқұрылымдар бар көрінеді. Қазір астық қабылдау пункттері мен элеваторлар өткен жылғы өнімнен босатылып жатыр. Олардың диқандарға көрсететін қызмет құны өткен жылғымен бірдей болмақ. Сондықтан тұрақтандыру қорына астық жинауды бүгіннен бастау керек. Дегенмен элеваторлар қажетті жанар-жағармаймен әлі толық қамтамасыз етілмеген. Осындай мәселелерді атап өткен облыс әкімінің орынбасары жауапты басшыларға жұмысты жандандыру керектігін ескертті.  Диқандар арқаны кеңге салмай,  ашық күндерді мейлінше пайдаланып қалулары керек.

  Нүркен Сұлтанов,  СҚО гидрометеорология орталығының директоры:

-Қыркүйек айында ауа райы қолайсыз, бүлінеді деген болжам бар. Бірінші онкүндікте жауын-шашын басталуы мүмкін. Айдың ортасында температура төмендеп, соңында күндіз сынап бағанасы 10,  түнде -5 градусқа дейін суытады деп күтілуде. Қар аралас жаңбыр болуы ықтимал.

Селекторлық кеңесті қорытындылаған облыс әкімі бар күшті орақ науқанына жұмылдыру қажеттігін тағы бір еске салды.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Әр дән ысырапсыз жиналып, тәулігіне 150-160 гектар алқапта жұмыс жүргізілуі тиіс. Келер жылдың тұқым қоры 546 мың тоннаны құрайды. Орақ науқанына шығарылған өнімділігі жоғары техникалар толық қуатта жұмыс істеуі тиіс. Өткен жылы мемлекет тарапынан 63 мың тонна жеңілдетілген жанар-жағармай бөлінсе, биыл ол 73 мың тоннаны құрап отыр. Оған элеваторларға қажетті сұйық отын мен малға шөп дайындау да кіреді. Нан бағасын тұрақты ұстау үшін тұрақтандыру қорына 120 мың тонна астық өткізілуі керек. Аудан, селолық округ әкімдері осы мәселелерді бақылауда ұстаңыздар.

Жауапты басшыларға осындай міндеттер жүктеген Серік Біләлов 1  қыркүйекке дейін егін орағының кем дегенде 50 пайызы аяқталуы тиіс деді. Ол үшін әр күнді мейлінше тиімді пайдалану керек.
 

Самат Есмағи