Энергетика

Жатақханада 2,5 ай бойы қараңғы

 

Жарықсыз қалған жатақхана тұрғындары пәтерде отырғаннан гөрі далада жүргенді жөн көреді. Қуат үзілгелі далада серуендеуді әдетке айналдырғандардың бірі  – 73 жастағы  Данил Вуйян. Бірақ алдымен қараңғы дәліз арқылы жүріп өту керек. Таяққа сүйеніп, әрең қозғалатын ақсақал зейнетке шыққанда бұлай бейнеттенем деп ойламапты.

Данил Вуйян:


-Қабырғаға сүйеніп жүремін. Кейде жерге қойған сөмкелерді көрмей шалынып жатам. Осы жолы қолымды қатты ұрып алдым.

Татьяна Литовченко жақында перзентханадан шыққан. Тұңғышы Диана жарық дүниенің есігін ашса да, әлі күнге ильич шамын көрген емес.

Татьяна Литовченко:


Қонаққа барғанда қызымыз элекетр жарығынан, теледидардың даусынан жатырқайды. Киім үтіктеу тіпті арманға айналды. Баланы шам жағып, қараңғыда жуындырамыз.

Бүгінге дейін жатақхана тұрғындарының қарызы 197 мың теңгеге жетіпті. Бар мәселе – баспанадағы есептеуіш құрылғысының жалпыға ортақтығынан туындаған. Жатақханадағы 116 пәтердің 35-сінің иесі коммуналдық қызметақысын төлеуден жалтарып жүр. Баспананы қарызға батырып қойған да дәл осы бөлмелердің иелері.

Сергей:


Менің жалақым бар жоғы 5000 теңге ғана. Көбірек табысы бар жұмысқа тұру үшін денсаулығым келмейді. Сәл жүрсем болғаны, аяғым қозғалмай қалады. Менің не жазығым бар? Әлде мүгедек болғаныма да кінәлімін бе?

Пайдаланылған жарықты уақтылы өтеп жүрген тұрғындардың қақпаған есіктері қалмады. Амалдары құрыған олар соттың көмегіне де жүгініпті. Қыс болса қылышын сүйретіп жақындап келеді. Ал жертөледегі құбырларға әлі жөндеу жеткен жоқ.

Любовь Хлянова, «Фаза» жеке пәтер иелері кооперативінің есепшісі:


-Біз әр бөлмеде жеке электр қуатын есептеу құралының болғанын қалаймыз. Сонда әр адам өз басына ғана жауапты болады. Кім қанша қуат жұмсаса, сонша төлейді.

 

“СҚ Электр орталығындағылар” туындаған олқылықты шешудің өз жолдарын ұсынып отыр.

Мағауия Сағындықов, “СҚ Электрорталығы” ЖШС директорының орынбасары:

-Қиындықты шешудің екі жолы бар. Біріншісі, әрине, сотқа жүгіну керек. Бірақ бұл өте ұзаққа созылуы мүмкін. Ал екінші жолы қарызды жабу. 197 мың теңге көп ақша емес. Берешекті қайтару кестесі құрылсын.

Ал төлемнен бас тартқандардың жүгін басқалары көтергісі келмейді.

Гүлден Сәрсенбаева