Құқық қорғау органдары

Жол полициясы басқармасындағы брифинг

 

Жыл басынан облыс аумағында тіркелген 154 жол-көлік апатында 32 адам қаза тапты. 181-і түрлі дене жарақаттарын алды. Жол апаттарының саны өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда азайған, бірақ адам шығыны 39 пайызға артып отыр.

Болат Дүйсенов, СҚО ІІД ЖПБ бастығының орынбасары:


-Көп жағдайларда апат жаяу жүргіншілердің кінәсінен орын алады. Осылайша, жыл басынан бері 13 жаяу жүргінші қаза болды. Бұл барлық апаттардың 37 пайызын құрайды. Қатаң жазалар қолданғанымызбен жүргіншілер ескі әдеттеріне басуларын қоймай отыр. Тіпті аналардың өзі кішкентайын жетектеп жүгіріп өтеді. Бұл қандай тәрбие.

Кездесуде сондай-ақ жолаушылар  тасымалдаумен айналысатын қоғамдық көлік нысандары туралы да сөз болды. Жолда жүру ережелерін сақтамайтындар бұл тарапта да жетерлік. Жыл басынан қоғамдық көлік жүргізушілері 928 мәрте заң бұзған.

Чингиз Курбанов, СҚО ІІД ЖПБ бөлімінің бас маманы:


8 жол апаты тіркелсе, 53 жүргізуші жылдамдықты шамадан тыс асырды. Жолаушыларды мөлшерден тыс артық алудың 49 фактісі тіркелді. 52 мәрте бұрылыс ережесі ескерілмеді. 6 автобус жүргізушісі тыйым салынатын сигналға өтіп кетті. 6 жүргізуші рөлге мас күйінде отырған.

Бұл ереже бұзушылықтардың барлығы тікелей жолаушылардың өміріне қауіп төндіреді.  Автобустардың техникалық жағдайы да көңіл көншітпей отыр. Мысалы, 52 автобус техникалық тексерістен мүлдем өтпеген болып шықты. 33 қоғамдық көліктің тиісті құжаттары жоқ. Осыған орай жол сақшылары кездесуге жолаушыларды тасымалдаушы кәсіпорындар өкілдерін шақырған

Юлия Гордина, “Петропавл НОРД” ЖШС бөлім бастығы:


Медициналық бақылау толық лицензияланған. Қазір бұл жөнінде мәселе туындамайды. Шараның қорытындысы бойынша анықталған кемшіліктерді жойдық. Басты мақсатымыз – қызметтің тиімділігін арттыру.

Ал жол полицейлерінің көздегені – ереже бұзғандарды жазалау емес, өзекті мәселелерді бірлесіп шешу, жолаушыларға қауіпсіз қызмет көрсетуге жағдай жасау.

 

Жеңіс Ермұқанов