Аптадағы маңызды жаңалықтар

Субұрқақ қысқа дейін қосылмайды

 

 

 

Шілде айында облыс орталығында тұрғындар демалатын, аптап ыстықта маңына жиналып дамылдайтын көрікті орын пайда болды. Мәдениет және демалыс саябағындағы субұрқақ Астана күніне орай салтанатты түрде ашылған. Бірақ қазір онда тамшы су жоқ. Таспасы қиылғанына бір айдан асып кеткенімен, субұрқақ әлі күнге дейін істемей тұр. Қалалық әкімдіктегілер енді ол кезде субұрқақтың ресми ашылуы болған жоқ дегенді айтып отыр. Сынақтан өткізіліпті. Бұл жоба үстіміздегі жылдың қараша айында ғана толығымен аяқталады екен. Бірақ қайткен күнде де шілденің алтысы қалың бұқараға жар салынып, субұрқақ іске қосылды. Кездесуде бас мердігер жоба жасалған кезде кемшіліктерге жол берілді дегенді алға тартты.

Әбілқасым Биманов, “Болашақ МА” ЖШС бас инженері:
-Істелінбеген жұмыс та бар. Оның бәрі тек қана бізден ғана емес, жобалау-жоспарлау мекемелерінің қателіктерінен де болып отыр. Өйткені насос құрылысына келетін сыртқы электр энергиясы жоспарланбаған. Жоспарды екінші шілде ғана қолымызға берді. Ол жоба сараптаудан өтпеген. Енді бізге электр энергиясын қосуға рұқсат қағаз керек.

Қазірде субұрқақтың иесі жоқ. Ол ешбір мекеменің балансына берілмеген. Яғни бұл дегеніміз – электр энергиясы қай уақытта берілетіні беймәлім деген сөз. Сөйтіп, кездесуде субұрқақ қашан іске қосылады деген сұрақтың басы ашық қалды. Ешкім нақты күнді атамады. Субұрқақ құрылысына өткен жылы сексен бес млн. теңге бөлінсе, биыл қырық млн.-ға жуық қаржы бағытталыпты. Ал осы жерде орналастырылған мүсіндерге қатысты сыни пікірлер бұқаралық ақпарат құралдарында молынан жарияланды. Оларды құюға бөлінген қаржы да қомақты. Алматылық мүсінші Қазбек Сатыбалдин уақыт тығыз болғандықтан мүсіндер дұрыс шықпағанын айтады. Жергілікті мамандар мүсіндерді қабылдамапты. Олар бұл туындылар эскиздегі дүниеге сәйкес келмейді дейді. Бірақ мүсіндер құйылып, саябаққа орнатылып қойғанын ескерсек, тым кештеу болған түрі бар. Ал Қазбек Сатыбалдин мүсіндерді екі -үш айда қайта жөндеуге уәде етті. 

 Айымгүл Әбілева