Спорт

Велошабандоздар арасындағы көпкүндік

 

 

 

Кеңес Одағының спорт шебері Алексей Мартыновичті еске алуға арналған сайыс жылда ұйымдастырылады. Биыл Петропавлға 15 құрамадан 92 велошабандоз келген. Бұл жеткіншектер үлкен спорттағы ағаларының жолын енді ғана қуып жүр, алайда барлығы жеңістен дәмелі. Алғашқы жекелей сынға түсу үшін жарыс жолына Талдықорған, Талғар, Қарағанды, Өскемен, Павлодар қалаларынан   келген спортшылар шықты. Сайыстың шарты бойынша жастар 10 км қашықтықты бағындыруы тиіс.

Сергей Данникер,  дистанция бастығы:
-Менің ойымша, жолда келеңсіздіктер тууы мүмкін емес. Өрге көтерілу қиын болмаса, дистанция ұзындығы қысқа.

Дүбірлі дода 6 күнге созылмақ. Алдағы күндері командалық, 2 топтық, сақиналы және қала ішіндегі жарыстар өтеді. Бозбалалар сайыс талабының қиындықтарына қарамастан барлық кезеңнен сүрінбей өтуге тырысатындарын айтып отыр.
Әзірге  жекелей сында Талдықорған қаласының намысын арқалап келген Александр Литвиненко көш бастап келеді. 10 шақырымды 16 минут 26 секунд ішінде бағындырған жеткіншек үздік үштікке енбей елге қайтпаймын дейді.

  Александр Литвиненко, веложарысқа қатысушы, Талдықорған:
 –Мен мынадай жолға алғаш рет шықтым. Дөңес бар екен. Бірақ оған шығу еш қиындық туғызған жоқ.

Сұлтан Болтабеков мәре сызығына 18 минут 5 секундтық орташа көрсеткішпен жетті. Велосипедке отырғанына бір-ақ жыл болған жас спортшы үшін алғашқы жарыс оңайға түспеген.

  Сұлтан Болтабеков ,  веложарысқа қатысушы, Шортанды:
 –Жаңбыр болды. Жол тайғанақ. Соның кесірінен уақытымды жоғалтып алдым.

Кезекті турда шабандоздар командалық сайысқа түседі. Онда жеткіншектер ережеге сәйкес 25 км қашықтықты бағындырулары тиіс.

Гүлден Сәрсенбаева