Әр түрлі

Рұқсатсыз сауда үшін – айыппұл

 

 

Облыс орталығында рұқсат етілмеген сауда орындары күн сайын көбейіп келеді. Ашық аспан астында азық-түлік өнімдерін сатып, нәпақа табушылардың кесірінен тұрғындар жапа шегеді. Өйткені бұл сауда орындарынан алынған тауарлардың сапасы төмен. Тіпті сатушылардың санитарлық кітапшалары жоқ.

  Гүлнұр Омарова, СЭҚБ жетекші маманы:
  – Азық -түлік қауіпсіздігі мен сапаға кепілдеме беретін құжаттарсыз сатылуда. Ал сатушылар медициналық тексеруден өтпеген.

Қалалық әкімдік пен санитарлық -эпидемиологиялық қызмет өкілдерінен құралған топ рейд барысында «Көк базар», «Алтын Арман» және «Тайга» маңында заңсыз саудамен айналысқан азаматтарды анықтады. Саудагерлердің дені сүт, балық өнімдері мен жұмыртқа сатумен айналысады. Бірақ, бір де бірінің тауар сатуға  рұқсат қағаздары жоқ.

  Бауыржан Қазанов, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бас маманы:
– 10 күн ішінде 40 шақты айыппұл салдық. Алдымен жай ескертеміз, оған құлақ аспаса айыппұл саламыз. Айыппұл 5 айлық есептік көрсеткішке дейін барады.  

Алайда сатушылар “біз тек осылай ғана күн көре аламыз” деп қынжылады. Амалсыздан сауда- саттық жасауға шыққандардың біреуі жұмыссыз болса, екіншілері мүгедек азаматтар.

 Сатушылар:

-Мен осы 5-6 жұмыртқа сатамын. Үлкен кісімін, жұмыс істемеймін. Осыны сатып тапқан 5-10 теңгем өзіме керек. Денсаулығым жоқ. Сондықтан отырмын.

-Мұнда сауда жақсы жүреді. Жұрт жолда өтіп бара жатып сатып алады.

Қайткенменен, Әкімшілік кодексінің 165- бабына сәйкес рұқсат етілмеген жерлерде саудамен айналысуға тыйым салынады. Сондықтан  мұндай сауда нүктелерін жабуға тура келеді.
 

Жасын Біркенов