Билік

Облыс әкімінің Аққайың ауданына жұмыс сапары

 

 

 
Өңір басшысы Серік Біләлов жұмыс сапарын Астрахан ауылдық округынан бастады. Апта соңында мұнда төтенше жағдайларға байланысты кеңейтілген тәжірибелік семинар өтеді. Бұл – Премьер-министр Кәрім Мәсімовтың тапсырмасы. Өртті ауыздықтау бойынша ауқымды оқу-жаттығу шарасына Астанадан арнайы комиссия келмек. Сондықтан облыс әкімі бұл жұмыстарға асқан жауапкершілікпен қарау керектігін айтты.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Әр құрылым мен бөлімшелер өз міндеттерін білулері тиіс. Құтқарушылар мен өрт сөндірушілер оқу-жаттығу барысында апаттық оқиға бола қалған жағдайда қандай шаралар қолдану керектігін көрсетулері қажет. Ауылдық округ әкіміне өрт шықты деген хабар түскенде, ол не істеу керек? Осының бәрі үшін осы шараны ұйымдастырып отырмыз.

Оқу-жаттығу жұмыстарына Төтенше жағдайлар департаментінің барлық бөлімшелері атсалысады. Тәжірибелік семинарға СҚО жұмылдыру даярлығы, азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының міндетін атқарушы Тұрлыбек Танақұлов жауапты. Алайда  өңір басшысы ауқымды шараға дайындық жұмысын қатаң сынға алды. Тәжірибелік семинар орманды дала алқаптарындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылмақ. Сондықтан облыс әкімі бұл шараға барлық деңгейдегі әкімдер мен бөлім жетекшілері міндетті түрде қатысуы керектігін атап көрсетті. Бұдан кейін Серік Біләлов аудан орталығы Смирнов селосына ат басын бұрды. Мұнда «Жол картасы» бойынша төрт көшенің жолдары жөнделіпті. Бұл мақсатқа 10 млн. теңге жұмсалған. Сондай-ақ  бірқатар көшелерге жарық тартылған. Өңір басшысы қысқа дайындық шараларының барысын да сұрады. Аудан орталығында 2 мың шақты үй бар екен. Оның елу пайызы мал ұстайды. Қазіргі таңда 2 мың 800 тонна шөп шабылып, оның екі мың төрт жүзі жиналды. Облыс әкімі бұл жұмысқа қанағаттанғандық білдіріп, шөп дайындауды қар түскенше жалғастыра беру керектігін ескертті.  Серік Біләлов  “Жол картасы” бойынша қарттар мен мүгедектерге арналған   интернатта жүргізілген жөндеу жұмыстарының сапасын да байқады. Биыл мұнда акт залы толық жөндеуден өтіп, едендер тас тақталар, линолеуммен жабылған. Сондай-ақ, электр желілері, су құбырлары, есіктер мен терезелер ауыстырылды. Интернатқа 33 млн. теңге бөлініп, қаржы толықтай игерілді. Серік Біләлов осындағы қарттармен әңгімелесіп,  жағдайларын білді. Сапар соңында облыс әкімі  Смирнов элеваторының астық қабылдауға  дайындығымен танысты. Элеватордың қуаттылығы 100 мың тоннаны құрайды. Бүгінгі күні оның 80 пайызы астыққа толы. Бір-екі күнде Азық-түлік келісімшарт корпорациясы бұл кәсіпорыннан 40 мың тонна астықты сатып алмақ.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
 – Облысымыздағы 49 элеватордың 41 -і аттестациялаудан өткен. Ал қалған 8 элеватор бір аптаның ішінде лицензия алады. Элеваторлар астықты ылғалдылыққа қарамастан қабылдайтын болады. Егінді сақтап қалу үшін қолда бар мүмкіндіктерді пайдалану керек. Агроқұрылым жетекшілері, аудан және ауылдық округ әкімдеріне айтарым, биылғы нанды ысырапсыз жинап алуымыз қажет.

Облыс элеваторлары астықты 10 күннен кейін қабылдауға кіріседі.

Жасын Біркенов