Ауыл шаруашылығы

Астық бағасы

 

 

 

 

 Маңызды науқан – астық орағы қарсаңында өңірдегі ірі агроқұрылым өкілдері облыстық әкімдікке жиналды. Баршасын алаңдатып отырғаны – Азық- түлік келісімшарт корпорациясы бекітетін биылғы астықтың бағасы. Сондықтан меймандар келгенше, неғұрлым жоғары бағаны сұрау керек деп келісілді.   Азық-түлік келісімшарт корпорациясының басшылығы  осы күні барлық астықты өңірлерді аралап, жағдаймен танысып жүр. Солтүстік Қазақстан облысына акционерлік қоғамның президенті Руслан Әзімов екі басқарушы директорды ала келген.

Руслан Әзімов, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ президенті:
-Біз облыс алқаптарында биылғы қиындықтарға қарамастан көпжылдық орташа шығымдылықты байқадық. Бұл – тауар өндірушілердің дұрыс, әрі сапалы жұмысын көрсетеді. Бұнда келудегі мақсатымыз – сіздердің бағаға қатысты ұсыныстарыңызды тыңдап, Булаев, Мамлют, Петропавл элеваторларын босату мәселесін шешу.
Жақын күндері астық  сақтау қоймаларындағы өткен жылғы астық шығарылып, биылғы бидай қабылдана бастайды.
 

 

Қуаңшылыққа қарамастан, облыс диқандары орташа өнім алуды жоспарлап отыр. Серіктестіктердің алды егінге орақ салды. Биыл дәнді дақылдар өткен жылғыдай 3 млн 900 мың га аумаққа себілген. Тек майлы дақылдарға бөлінген аумақ қана биыл екі есе артты. Алайда жағдай барлық жерде бірдей емес. Астықты өлкелер Ресей, Канадада дәнді дақылдар жылдағыдан аз жиналайын деп отыр. Азық-түлік келісімшарт корпорациясы соның өзінде 2007-2008 жылғы баға болмайтынын айтып отыр.

 Дәулет Уашев,  “Азық-үлік келісімшарт корпорациясы” АҚ басқарушы директоры:
-Баға 2007  жылдың соңы мен 2008 жылғы қарқынмен өспейді. Өйткені ол кездегі астық қоры мен қазіргі астық қоры бірдей емес. Бірақ қалай болғанда да бидайдың тоннасының құны өткен жылғыдан жоғары болады.
 
Геннадий Зенченко бастаған агроқұрылым жетекшілері ең төменгі баға 230-250 доллар шамасында бекітілуі тиіс деп отыр. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін биыл сатып алынатын астықтың көлемі мен қуаңшылықтан зардап шеккендердің несиесін қайтару мерзімін ұзарту мәселесі де алаңдатып отыр. Корпорация президенті Руслан Әзімов астықтың көлемі шығымдылығына  байланысты 1,5 млн-нан 3 млн тоннаға дейін құбылуы мүмкіндігін айтты. Ал қуаңшылықтан зардап шеккен серіктестіктер жеке-дара қаралады. Корпорация өкілі тек бидай тоннасының бағасы туралы тіс жарып айтпады. Сірә, нақты баға өзге облыстарды аралаған соң белгілі болар.   

   Гүлмира Шоқтыбаева