Спорт

Кикбоксшылар 3 медаль әкелді

 

 

 

 

Азамат Нүрпейісов тағы бір мәрте 75 келі салмақ дәрежесінде елімізде өзіне тең келер қарсыластың жоқ екенін дәлелдеп шықты. Ұлттық құраманың бірінші нөмірлі мүшесі Азия ойындарында да үздік атанып, әлем біріншілігінің жүлдесіне   екі мәрте ілікті. Түрлі шаршы алаңдарда жұлдызы жарқырап жүрген халықаралық дәрежедегі спорт шебері Азаматқа   кезекті ел чемпионаты аса қиындық тудырмаған сыңайлы.

 Азамат Нүрпейісов,  жарыс жеңімпазы:

-Қашан да бірінші кездесу қиын болады. Сонда да қарағандылық спортшыны ұпай айырмасымен жеңдім. Екінші жекпе-жегімде де ұпай айырмасымен көкшетаулықты ұттым. Ал финалда қарсыласпен 1 раунд қана төбелестім. Кейін ол жекпе-жектен бас тартты.

Осылайша сәтті әрі шебер жұдырық түйістіре білген Азамат қыркүйек айында аспан асты елінің астанасы Пекинде өтетін бүкіл әлемдік жекпе-жек ойынына жолдама ұтып алды. Үш жолдаманың тағы бірі жерлесіміз Самат Қадырбековке бұйырды. Соңғы ел біріншілігінен келген жағымды жаңалықтар бұл ғана емес. 51 келі салмақ дәрежесінде Данияр Қажымұратов пен 60 келі салмаққа дейін шеберлік байқасқан Рауан Смағұловтың қанжығаларына бір-бірден қола алқа байланды. Кикбоксшылармен қатар кәсібилігімен солтүстікқазақстандық төреші Арман Жәмішев те ерекшеленді.

 Арман Жәмішев, төреші, бапкер:
-Жарыс халықаралық “ВАКО” талаптары бойынша өтті.
Бұл біздің көптен бері төрелік етіп жүрген ережелер. Сондықтан қиындық туа қоймады. Ал біздің спортшылар   ережеге жақсы бағына білулерімен қатар спорттық дайындықтарын таныта алды. Осындай мүмкіндік тудырған облыстық спорт басқармасына алғысымызды білдіреміз.

Алда құраманы халықаралық, азиялық, әлемдік жарыстар күтіп тұр. Ендігі мақсат қателіктермен жұмыс жасап,  үлкен додаларға жақсылап сайлану.

  Жеңіс Ермұқанов