Мәдениет

Абайдың туғанына – 165 жыл



 

  
Абай мен Пушкиннің құрметіне қойылған ескерткіш басына Абай жырын оқып сусындаған, данышпан ақынның өлеңдерінен ғибрат алған, Абайды пір тұтып, ұстаз еткендер жиналды. Өлең әлеміне байыппен қарап, айналасы жұмыр, тілге жеңіл, жүрекке орамды сөз мәйегін тізген ақын қасиетті өнердің жаңа қырларын танытқан дара, дана тұлға.

  Таңат Сүгірбаев, “Асыл мұра” орталығының жетекшісі:
-Қазақтың қасиетін қастерлеген, өнер-білім әлеміне жол сілтеген, өзіңдікін сақтап, өзгенікін үйренуді ұсынған Абай ақынның мол шығармашылық дүниесі әлі зерттеуді қажет етеді.

 Абай арқылы өзге елдер қазақ әдебиетін таныды. Ал Құнанбайдың ұлы Пушкинді қазақша сөйлетіп, халқын шет ел әдебиетінен сусындатты. Жыл сайын елімізде Абай оқулары өткізіліп, жеткіншектер ақынның жүздеген өлеңдерін жарыса оқиды. Біздің облыстан қатысқан қыз -жігіттер де осындай бәйгелерден жүлделі оралып жүр. Ескерткіш басына жиылғандар ақынның өлеңдерін оқып, әндерін орындап, ақын атаға өздерінің жыр шумақтарын арнады.

  Гүлнәз Оңғарбаева,  қазақ классикалық гимназиясының оқушысы:
Қайран жұртына жақсы-жаманды, текті-тексізді тануды үйреткен Абай қашанда  халқының болашағына алаңдаумен өтті. Өлең-жыры, қара сөздері де ақыл-насихат, ғибрат болды.

Абай  – заманынан оза туған ақын. Ол қашанда қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы болып қала бермек. Абайшыласақ, “Өлді деуге бола ма ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған.”
 

Әсем Сембина