Мәдениет

Жаңа қойылымды мерейтой қонақтары тамашалады

 

 

“Жау жүрек” драмасы көрермен назарына алғаш рет Сәбит Мұқановтың туған күнінде ұсынылған болатын.  Қаламгердің “Балуан Шолақ” шығармасының желісі бойынша бұл қойылымды белгілі драматург, жазушы Дулат Исабеков театр басшылығының сұрауымен арнайы жазып шыққан.

  Дулат Исабеков,  жазушы, драматург:
 – «Балуан Шолақ» – шашырап жатқан дүние. Оны сахнаға бағындыру үшін бір арнаға түсіру қажет. Осы сәтті алдым. Балуан Шолақ өмірінің ешкім байқамаған, Сәбең өзі де мән бермеген осы сәт сұранды да тұрды. Әрі драмаға толы сәт.

 

Бұл туынды “Тәуелсіздік толғауы” байқауында жеңіп шықты. “Ең үздік драмалық пьесалар” номинациясына түскен 42 шығарма сарап­қа салына келе, Дулат Исабековтың пьесасы бірінші орынға лайық деп табылған. Алғаш рет Қызылжар сахнасынан көрінген қойылымды енді өзге театрлар сахналайды. Бұл жолы да халық көп жиналды. Залға толы көрерменнің барлығы қазақтың белгілі жазушысы Сәбит Мұқановтың шығармаларын оқып өскендер, халқымыздың аяулы ұлын айырықша ардақ тұтатындар.

  Ғалым Жайлыбай,  Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары,ақын:

-Сәбең деген қазақтың кең даласы секілді үлкен талант. Қай шығармасын алсаң да халыққа, оқырмандарға жақын. Жүз жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойланған еді. 110 жылдығы тағы өткізіліп жатыр. Бұл үлкен оқиға. Ұлыларды ардақтау арқылы біз өзімізді ардақтаймыз.

  Әділғазы Қайырбеков,  С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің мемлекеттік әдеби-мемориалдық мұражай кешенінің директоры:
-Сәбең тек Қызылжар өңірінің ғана емес, ұлттың жазушысы. Оның әрбір шығармасы қайта жаңғырып жатыр. Бүгінде көптеген шығармалары араға 60-70 жыл салып қайта басылып шығып жатыр.

Халқын пір тұтқанды, халқы да ұл тұтар демекші, Сәбеңнің 110 жылдығын бүкіл ел болып тойлап жатыр. 

 Айымгүл  Әбілева