Спорт

Веложарыстан республикалық турнир мәресіне жетті

 

 

“Тур Қызылжар” көпкүндік жарысы велошабандоз қыздар арасында өтті.  Спортшы қыздар осымен 9-шы рет   Солтүстік Қазақстан жолдарында бәсекеге түсіп, шеберліктерін шыңдап жатыр. Жекелей сын, шеңберлік айналым , қысқа спринтерлік қашықтық пен үш бірдей топтық кезеңді артқа тастаған 40 шақты сайыскер бұл жолы жартылай марафондық 50 шақырымдық қашықтықта ұпайларын еселеді.

 Виктор Потапов, бас төреші:
-Жарыс деңгейі өте жоғары, еліміздің мықты деген веломектептердің тәрбиеленушілері қатысуда. Қыздардың дайындықтары жаман емес. Әсіресе қарағандылықтар мен алаң иелері бір біріне дес берер емес. Бәсеке бар жерде жақсы нәтиже де болады. 

Топ бастағандардың арасында кілең спорт шеберлері мен осы атаққа үміткерлер. Осындай қызу бесекеде қарсыластарын шаң қаптырған ұлттық құраманың мүшесі қарағандылық Валентина Ульбрихт мәре сызығын бірінші болып кесті.

  Валентина Ульбрихт, жарыс жеңімпазы, Қарағанды қаласы:
-Бұл мен үшін үлкен жарыстарға жақсы дайындық. 5 жылғы еңбегім зая кетпесін деп көшбасшы дәрежемді жарыстың аяғына дейін ұстап тұруға тырыстым. Дайындаған тактикалық жоспарымыз жүзеге асқанына қуаныштымын. Мен өткен жылы Азия ойындарында екінші орын алдым. Ендігі жолы тек алтын алқа үшін барамын. 

Командалық есепте де қарағандылық велошабандоздар бас жүлдеге ілікті. Ал СҚО құрамасы екінші сатыда. Үздік үштікке батаысқазақстандық қыздар ілікті.

 

 

Жеңіс Ермұқанов