Қылмыс

Танысамын деп торға түсті

 

 

 
Жұмысшы кентінің тұрғыны алтын әшекей сатып алған қуанышымен бөлісу үшін құрбысымен дәмханаға барған. Кешкі сағат 10 шамасында үйіне қайтып бара жатқан 37 жасар әйел соңына бір ер адамның түскенін байқайды. Ішімдікке тойып алған бейтаныс  танысайық деген ұсынысын қабыл алмағаны үшін әйелдің басынан шөлмекпен соққан. Есінен танып құлаған әйелдің барлық әшекейлері мен бағалы заттарын алып, ізін суытады.

Самат Шәрішев,  Петропавл қалалық ІІБ 2 ПБ ТБ бастығы :

-Іздестіру шараларының барысында бағалы заттардың барлығы тәркіленді. Екі алтын сақина, алтын сырға және ұялы телефон иесіне қайтарылды.

Жәбірленушіге келтірілген шығын 80 мың теңгеден асады. Қылмыс жасаған адамды анықтау қиындық туғызбады. Із кесушілер бірден қылмыс жасалған ауданды тексеріп, сол күні дәмханаға келген  азаматтарды анықтаған болатын.

Самат Шәрішев, Петропавл қалалық ІІБ 2 ПБ ТБ бастығы:

-Қазіргі уақытта жәбірленуші ауруханада амбулаторлық емделуде, ал  күдіктінің үстінен іс қозғалды. Қазір ол тергеу абақтысына қамауға алынды.

 

Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 179-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Оның кінәсі сотта дәлелденетін болса, айыпталушы 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айрылатын болады.

 

Кәусар Аяпбергенқызы