Мәдениет

С.Мұқановтың мерейтойы ауылда жалғасты

 

 

Сәбит ауылы аудан орталығынан шамамен 40 шақырым жерде орналасқан. Сәбит Мұқановтың 110 жылдық мерейтойының ресми бөлімі жазушының туған жерінде қаламгердің мүсініне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Жиылған қауым академиктің рухына тағзым еттті. Бұдан кейін облыс әкімі Серік Біләлов пен ақын-жазушылар делегациясы Сәбеңнің 1990 жылы ашылған мұражайын аралады. Өткен жылы мәдениет ошағына күрделі жөндеу жүргізілген болатын, биыл жәдігерлермен толғыпты. Бұл мақсатқа 13,5 млн. теңге бағытталды.

Баян Мұқанова, С.Мұқановтың қызы:
-Бұл үйдің қалай тұрғызылғаны есімде. Папам бұл үйді салды. Ол осында тұрды.

Қазақ әдебиетінің алтын қорын өшпес еңбектерімен байытқан Сәбең тойы ауыл сыртындағы арнайы дайындалған алаңқайда жалғасты. Мерекені салтанатты түрде өңір басшысы Серік Біләлов ашып, жиылғандарды осы атаулы күнмен құттықтады.

  Серік Біләлов,  СҚО әкімі:
-Әр халықтың өзінің ұлы тұлғасы бар. Қазақ халқы мақтанып айтар тұлғаның бірі – С. Мұқанов. Атақты ағамыз қалдырған мұраның мәңгілік жасап, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып қалуына үлес қосып келе жатқан азаматтарға мың алғыс білдіремін. Бұл игі істі одан әрі жалғастыру бәріміз үшін парыз.  

Күннің ыстығына қарамастан, мерекені атап өтуге келгендердің қатары қалың. Халықпен бірге мерейтойды тойлауға  Кәкімбек Салықов,Ғалым Жайлыбай, Нұрғожа Ораз, Дулат Исабеков, Жарасбай Сүлейменов сияқты зиялы қауым өкілдері, Парламент депуттары келді.

  Тұрсынбек Кәкішев,  жазушы, академик:
-Қазақ халқының рухани байлығын көрсету үшін осы мерейтой жасалып жатыр. 10 жыл бұрынғы мерейтойда Елбасы келіп, Сәбиттің қазақ әдебиетінде, қазақ елінің өзінде алатын орны ерекше деп айтып кеткен болатын. Сіздердің жерлестеріңіздің абыро -атағы шарықтай беретініне сенемін.

Қаламгердің атажұрты Тимирязев ауданындағы Жаманшұбар екені белгілі. Сондықтан Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері осы ауданға Сәбит Мұқановтың аты берілсін деген ұсыныс білдіріп отыр.  ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын Нұрғожа Ораз бұл жөнінде “Жаңа Сарыарқа” журналының биылғы бірінші санындағы мақаласында жазған болатын.  

 Нұрғожа Ораз,  ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
– Облыстық мәслихат та бұны құптап, республиканың жоғары жағына жіберіп отыр. Енді бүгінгі біздің той үстіндегі тілегіміз бұл ойымыз, жоспарымыз іске ассын.

Ресми бөлімнен кейін мәртебелі меймандар ат жарысын тамашалады. Облысымыздың түкпір-түкпірінен жиылған шабандоздар жорға, құнан және аламан бәйгеден бақтарын сынады. Аламан жарыста сәйгүліктер 15 шақырымды бағындырды  Көрермендердің басым бөлігінің ықыласы Қызылжар ауданының 7-інші нөмірлі “Айман” атты сәйгүлігіне  ауды.

Көрермендер:
-Қызылжардан келген «Айман» деген атқа жанкүйерміз.
– 7 -інші атқа жанкүйермін. Оның бабы, бәрі жақсы.
– 7-іншінің шабысы оңды. Сол ат бірінші келсін деп тілек білдіремін.
– 7-інші бірінші келеді деп ойлайын. Өйткені қазір ақырын шауып келе жатса да, кейін озады деп сенемін.

Жанкүйерлердің  үміті ақталды. “Айман”  мәре сызығын бірінші болып кесті. Ал екінші орынды М.Жұмабаев ауданының тұлпары еншілесе, үшіншіге айыртаулық сәйгүлік ие болды. Жеңімпаздарды облыс әкімі марапаттап, бірінші болып шауып келген “Айманның” шабандозына автокөліктің кілтін табыс етті.  Қазақ әдебиетіне зор үлес қосқан жазушы С.Мұқановтың 110 жылдық мерейтойы облысымыздың шығармашылық ұжымдары қатысқан гала-концертпен аяқталды.

 

Жасын Біркенов