Билік

Орманды өрттен сақтау – өзекті мәселе

 

 

 Елімізде жыл басынан бері 360 орман-дала өрті тіркелген. 4 мың гектардан аса алқаптағы орман өртеніп, материалдық шығын 35 миллион теңгені құрады. Өткен жылмен салыстырғанда төтенше жағдайлардың саны 10 пайызға азайған. Дегенмен  жанып кеткен ағаш көлемі 19 пайызға көп. Оған күннің ыстығы ерекше әсер етіп өтыр.   Сондықтан орман ішіндегі күзетті күшейту керек. Сондай- ақ, жол жиектерін, тоғайлардың айналасын, теміржол бойын жырту жұмыстары тоқтатылмауы тиіс. Ал орман шаруашылықтарындағы өртпен күресуші бөлімшелер қажетті техника, жанар-жағармаймен қамтамасыз етілуі керек. Материалдық жабдықталу жағынан Шығыс Қазақстан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы жағдай жақсы.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Облыс аумағында 12 орман мекемесі бар. 16 өрттен қорғау станциясы құрылған. Өңірдегі 28 өрт сөндіру бөлімшесінде 750 адам еңбек етеді. 123 автомобиль бар. Жанар-жағармай жеткілікті. Елді мекендерде 284 еріктілер тобы құрылған. Ресей Федерациясының көршілес Омбы, Қорған, Түмен облыстарындағы төтенше жағдай басқармаларымен жұмыс үйлестірілген.

Жыл басынан бері облыста 62 орман өрті тіркеліп, материалдық шығын 3 миллион теңгені құраған. Бүгінде тоғайлар маңынан белдеулер жырту, оқу -жаттығу жұмыстарын ұйымдастыру жалғасуда.
Селекторлық кеңестен соң Серік Біләлов облыста орман -дала өрті қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған штаб құрып, кезекті мәрте орманды алқапты тіркеуге алып, техника құрамын есептеуді тапсырды.

 Әсем Сембина