Аптадағы маңызды жаңалықтар

Энергетиктер тарифті көтермекші



 

Жылу энергиясын өндіруге қатысты тариф өткен жылдың қазан айында бекітілген болатын. Жаңа жылыту маусымының алдында энергетиктер бір Гккал үшін тарифті 11,8 пайызға өсіруді ұсынып отыр. Серіктестік басшылығы қызмет ақысын көтерудің  себебін отын шығынының 53 пайызға өсуімен түсіндіреді.

Виктор Бармин,  “ 2 Жылу электр орталығы ” ЖШС директоры:

– Отын бағасы көмір мен оны тасымалдауға кететін шығынға байланысты. Тариф жобасында отын бағасының 17,1 пайызға өскені көрсетілді. Ал көмір тасымалдау бағасы 17 пайызға өскен.

Сондай-ақ биыл мазут 28,8 пайызға қымбаттады. №2 жылу электр орталығы бұл күні бір ғана тасымалдаушыны бекіту туралы Үкіметке хат дайындап жатыр. Сонда ғана шығын көлемі тұрақталуы тиіс.  Бірақ  қоғамдық тыңдауға келгендер ұсынылған тарифпен келіспей отыр. Әзірге тарифтер бойынша ұсыныстар табиғи монополияларды реттеу агенттігі департаментінің қарауында.

  Марат Мұстафин, табиғи монополияларды реттеу агенттігінің СҚО бойынша департаментінің директоры:

– Халық үшін айтып, жазып жатырмыз. Үлкен тарифтер болмайды. Өйткені Үкімет бекіткен дәліз бар. Қаралғанның өзінде сол бекітілген мөлшерден аспайды.

Бұл күні “Солтүстік Қазақстан энерго орталығы ” да жаңа тариф жобасымен шықты. Серіктестік жылу үшін тарифті 28 пайызға өсіруді ұсынуда. Яғни, энергетиктердің есептеуі бойынша бір ГКкал 609 теңгені құрап, тұрғындар шаршы метр үшін 72 теңгенің орнына 93 теңге төлейтін болады. Жаңа тариф әкімшілік құрамның жалақысын өсіруге, әлеуметтік салық, байланыс қызметтерін , тағы да басқа қажеттіліктерді өтеуге қажет дейді жылу берушілер. Тариф жобалары бойынша нақты шешімді табиғи монополияларды реттеу агенттігінің департаменті тамыздың 25-і шығарады.

Әсем Сембина