Билік

Айыртау ауданының жаңа әкімі тағайындалды

Айыртау аудандық мәслихатының кезектен тыс 27-інші сессиясының күн тәртібіне аудан әкімін тағайындау мәселесі шығарылды. Жаңа басшыға келісім бермес бұрын жиылғандар бұрынғы әкім Ержан Айнабековтың атқарған жұмысына баға берді. Қазір Ержан Айнабеков ауыл шаруашылығы министрлігінің облыстық аумақтық инспекциясының бастығы болып жұмыс істейді.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
 – Ержан Тоқтасынұлы Айыртау ауданының әкімі болып 2,5 жыл қызмет етті. Осы уақыттың ішінде Ержан Айнабеков Елбасының
Жолдауында және мемлекеттік бағдарламаларда қойылған тапсырмаларды абыроймен атқарды. Ержан Тоқтасынұлына ерен еңбегі үшін алғысымды білдіремін. Елбасы мен Үкіметтің тапсырмаларын жаңа қызметте де абыроймен атқарады деген сенімдемін.

  Әрмия Әбілқайыров, Айыртау аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
Ержан Тоқтасынұлы облыс әкімі, Елбасы қойған тапсырмалардың барлығын орындауға тырысты. Оған ел азаматтарының атынан алғысымды білдіремін. Оның жаңа қызмет орны ол да жауапты. Онда жақсы еңбектеніп, өсе беруіне тілектеспін.

Облыс әкімі Серік Біләлов аудан депутаттары мен белсенділеріне  аудан әкімі лауазымына Қадырбай Тоқтасынның кандидатурасын ұсынды.  Қадырбай Тоқтасын 1960 жылы бұрынғы Көкшетау облысына қарасты Қызылту елді мекенінде туды. Ол төрт жоғары оқу орнын тәмамдап, техник-механик, мемлекеттік қызмет менеджері, заңгер және орман шаруашылығы ісінің бакалавры мамандықтарына ие. Бұған дейін облыстық орман және аң шаруашылығы аумақтық инспекциясының бастығы болып жұмыс істеді.
Аудандық мәслихат депутаттары Қадырбай Тоқтасынның өмірбаянымен танысқаннан соң оның кандидатурасын бір ауыздан мақұлдады. Ал облыс әкімі Серік Біләлов Қадырбай Мұратұлын Айыртау әкімі етіп тағайындау туралы өкімге қол қойды.

  Қадырбай Тоқтасын, Айыртау ауданының әкімі:
-Құрметті айыртаулықтар, маған осындай үлкен сенім білдіріп отырғандарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Сенімдеріңізді ақтауға шамамыз келгенше тырысып, аянбай еңбек етемін.  

Өңір басшысы бірден Айыртау ауданының жаңа әкімі Қадырбай Тоқтасынға тапсырмалар жүктеді.

  Серік Біләлов,  СҚО әкімі:
– Жаңа әкімге шағын және орта бизнестің дамуына барлық жағдай жасауды тапсырамын. Қазіргі таңда ауданда бір де бір ет өңдеу кәсіпорны жоқ. Осы мәселені қарастырыңдар. Сондай-ақ, туризм саласын дамытуға баса назар аудару керек.  
Бұл әлі күнге дейін шешімін таппай жүрген мәселелердің бірі.

Сонымен қатар, өңір басшысы ауданның салық базасын ұлғайтуды тапсырды. Былтыр жеке табыс салығы14,7 пайызды құраса, осы жылы бұл көрсеткіш 12,9 процентке дейін төмендеген. Сондай-ақ  Серік Біләлов жаңа жетекшіге бюджеттік қаржыны тиімді жұмсауды қатаң қадағалау мен еңбек өнімділігін ұлғайтуды тапсырды. Бұдай кейін облыс әкімі “Жол картасы” аясында Айыртау аудандық №7  кәсіптік лицей жатақханасындағы күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Бұл мақсатқа республикалық және жергілікті бюджеттен 43 миллион теңге қаражат бөлінген. Мұнда терезелер, есіктер мен жылыту жүйесі ауыстырылып, ғимараттың шатыры жөнделді. Бұл шаруаны қыркүйектің біріне дейін аяқтау көзделген. Бұдан соң облыс әкімі егін алқаптарын аралады. Өңір басшысы “Журавка” серіктестігінің егістігінде болды. Биыл мұнда 10 400 гектар жерге астық егілген. Қуаңшылыққа қарамастан, осы жылы гектар басынан 8-10 центнер өнім алу жоспарланыпты.  Биылғы қуаңшылыққа байланысты егін ору науқаны  ертерек басталады. Дәнді дақылдарды тамыздың 10-12 құлату көзделген.Серік Біләлов қысқа дайындық барысымен де танысты. Бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Жалпы облыс бойынша қысқа қажетті шөптің 75 пайыз жиналды. Дегенмен бұл шаруа тамыз-қыркүйек айларына дейін жалғасады деп атап өтті өңір басшысы.
 

Жасын Біркенов