Жол картасы

Балалар мәдени орталығындағы жөндеу

 

 

 

 

Қазір облыстық балалар мен жасөспірімдер орталығының тәрбиеленушілері жазғы демалыста жүр. Алайда орталықтағы жұмыс қызып жатыр. Бүгінде ғимаратта “Жол картасы” бағдарламасы аясында жөндеу жүргізілуде.

 Владимир Новик, облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының директоры:
-Жөндеуге 17 млн 450 мың теңге бөлінді. Қаржы түгелімен ғимараттың сыртқы бөлігін қалпына келтіруге бағытталған. Оның ішінде 9 млн теңгесі ғана табалдырықты жаңартуға, яғни қайтадан мрамор ұнтағын төсеуге бағытталды. Осылайша, мемлекеттік бағдарламаның арқасында балалардың бірден-бір орталығы жаңа кейіпке енеді.

 

Орталық басшылығы 30 жыл жөндеу көрмеген ғимаратқа кезек жеткенін айтып қуанса, Бақытжан Мұстафин екі қолға бір күрек тапқанына риза. Жалақысы уақтылы төленеді, жұмысы да жанына жақын. Өйткені құрылысшы арнайы бетоншы және тас қалаушы мамандығын игерген.
 
Бақытжан Мұстафин, құрылысшы:

-Ризамын. Бұған дейін дейін жұмыссыз жүргенмін. Таптым, рақмет.

Мрамор ұнтағын төсеу  үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Алдымен цемент пен табиғи тастың арақатынасы дұрыс болуы керек, суреттің бірқалыптылығы осыған байланысты. Барлық талаптарға сай құйылған монолит кемінде 20 жыл қызмет етеді. Жалпы  кіреберіске жаңадан мрамор ұнтағын төсеп, ғимараттың қасбетін қалпына келтіру жұмыстары тамыздың 20-сына дейін аяқталуы тиіс. Әзірге  мердігер жоспарға кірген нысанның шатырын жөндеуді аяқтады.

 Александр Сон, “Құрылыс кешен” ЖШС учаске шебері:
-Шаруа жоспарға сай жүріп жатыр. Қазір құрылысқа 3 бригада, яғни 25 адам тартылған. Барлық жұмыстарды мерзімінде аяқтаймыз.


Жөндеу жұмыстарымен қатар орталықта қысқы жылыту маусымына дайындық   жүргізілген. Бүгінде жылыту жүйесі толығымен шайылып, тексерістен өтті. Енді қалғаны – дайындық жөніндегі паспортқа қол, қойып бекіту. Ал тәрбиеленушілерін орталық қыркүйектің 15-інде қабылдайды.

 

 Гүлмира Шоқтыбаева