Мәдениет

С.Мұқановтың 110 жылдығына арналған той басталды

 

 

 

 

Сәбеңнің есімін иеленген облыстық кітапхананың алдына жиналған қауымның қарасы қалың болды. Олардың арасында тойға арнайы келген ақын-жазушылар мен қоғам қайраткерлері бар. Ал жиынның басты қонақтары Сәбеңнің қос қарлығашы, қыздары Баян мен Жанна. Олар әкенің ұлағатты сөздерін әлі күнге дейін сағынышпен еске алады.

 Жанна Мұқанова,  С.Мұқановтың қызы:
-Әр бала үшін әкенің орны ерекше. Мен үшін әкем әрдайым үлгі болды. Ол алты баланы тәрбиелеп өсірді. Әкем осы өлкені қатты жақсы көретін. Сондықтан біз үшін де солтүстік өңір өте ыстық.

  Баян Мұқанова, С.Мұқановтың қызы:
-Мен әкемнің осы жерде туып-өскенін мақтан тұтамын. Себебі солтүстіктің халқы өте мейірімді, қонақжай. Осының бәрін ұйымдастырып жатқан адамдарға айтар алғысымыз шексіз.

Кітапхана алдындағы Сәбең ескерткішіне гүл шоқтары қойылғаннан кейін тойға келген қонақтар жазушының кітаптары мен суреттері қойылған кітапхана ішіндегі көрмені тамашалады. Ақын, қоғам қайраткері Кәкімбек Салықов мерейтойға дайындап әкелген  сыйлығы – «Дархан дарын» атты өз  кітабын табыс етті. С.Мұқановтың шығармаларынан  сусындап өскен қаламгерлердің бірі  – ақын, режиссер Баянғали Әлімжанов жүрегімнің түбінде Сәбең туралы фильм түсірсем бе деген арманым бар дейді.

  Баянғали Әлімжанов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
-Біздің бала кезден оқығанымыз С.Мұқанов болатын. Тұтас қазақ халқы оның шығармаларынан сусындаған. Мен кезінде музейінде жұмыс істедім. Оның хаттарының өзі 9 том екен.

Ескерткіш алдында басталған жиын әрі қарай Н.Погодин атындағы орыс драма театрында жалғасты.  Қызылжарлықтар мен той қонақтары  Астанадағы Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театрының әншілері Жәмила Жарқымбаева мен Байғали Момбековтің концертін тамашалады. Мерейтой шаралары 7 тамыз күні жазушының туған жері Жамбыл ауданындағы Сәбит ауылында   жалғасын табады.

 

Кәусар Аяпбергенқызы