ТКШ

Мектеп-интернат жаңартылып жатыр

 

 

 

 

1954 жылы іргесі қаланған есту қабілеті нашар балаларға арналған нысан осы уақытқа дейін күрделі жөндеу көрмеген екен. Оқу ордасы құлақтарының  мүкісі бар 170-тен астам тәрбиеленушісін қыркүйекте жаңарған кейіпте қарсы алатын болады. Оқушыларға мұндай тамаша сыйлық республикалық «Жол картасы» бағдарламасының арқасында жасалмақ.

Жангелді Тәжин, СҚО саңырау балаларға арналған мектеп-интернатының директоры:
Біз Елбасына осындай бағдарлама қабылдағанына, облыс әкіміне өте көп алғысымызды білдіреміз. Өйткені ғимаратымыздың тұрғанына 46 жыл болды, ескірген. Жаңа оқу жылынан біздің интернат жылы да сәнді болады, бұған біз өте қуаныштымыз.

Ескі ғимараттың шатыры әбден тозған. Осыдан су сыртқа емес, ішке ағатынды шығарып, ылғалдың әсерінен қабырғалар кезекті жөндеуге дейін шыдамапты. Енді жарамсыз жарық шиферлар ұзақ қызмет ететін сапалы металл шатырға алмастырылып жатыр. Қазір 1 600 шаршы метрдің 90 пайызы заманауи материалмен жабылды. Сондай-ақ бүгінге дейін сметалық жобаға енген 123 терезенің 121-і пластикалыққа ауыстырылды. Бұл іс ” Альфа-Север” ЖШС тапсырылған болатын. Мердігер «Жол картасы» бағдарламасының аясында екі қолға бір күрек таба алмай жүрген 35 адамды жұмыспен қамтыды.

Ривкад Хасанов, құрылысшы:
Мен биыл мектепті тәмамдап, СҚМУ құрылыс факультетіне түстім. Бағдарлама аясында жұмысқа кіргенімен қуаныштымын. Біріншіден, демалысты тиімді өткізіп болашақ мамандығыма қажетті аз да болса тәжірибе жинақтаймын. Азынаулақ қаражат табуыма да жақсы болды.

Бұл игі іске “Жол картасы” бағдарламасының аясында 29 млн. теңге қаражат бөлінді оның 9 млн. теңгеден астамы жергілікті қазынадан құйылған. Әлеуметтік нысан тамыздың 20-ы тапсырылады. Бүгінде бар жұмыстың 90 пайызы орындалды.

Жеңіс Ермұқанов