Бизнес және экономика

«Алтын сапаға» дайындық

 

 

 

 

 

Отандық тауар өндірушілер мен қызмет ұсынушылар бес жылдан бері Қазақстан Республикасы Президентінің сыйлығы үшін өз өнімдерін сарапқа салып келеді. Биыл “Алтын сапа” байқауының талаптары өзгерді. Бұдан былай байқаудан бұрын «Қазақстанның үздік тауары» көрмесі ұйымдастырылмақ. Одан соң байқау үміткерлері іріктеледі. Жүлде сапалы өнім шығарып, жоғары деңгейде қызмет көрсеткен кәсіпкерлік нысандарға бұйырмақ. Президент сыйлығын жеңіп алған мекемелер сапа таңбасын екі жылға дейін жарнамалық мақсатта пайдалана алады.

Ғабит Мұхамбетов, ҚР ИЖТМ техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы:
Өнім сапасы – кез-келген кәсіпорын қызметінде сәттіліктің бастауы ғана емес, ол мемлекеттің экономикалық жүйесіндегі тиімділік мәселесі болып табылады. Бүгінде Қазақстан үшін өндірілетін өнімнің сапасын арттырудың маңызы үлкен. Бұл ретте қазақстандық заңнама уақыт талабына сай болуы қажет. Егер бұрын жылына 300 стандарт қабылданса, биыл оның саны бес жүзге жетті. Ал 2011 жылдан бастап сегіз жүзден кем болмауы тиіс.

Қазір Кедендік одақ жұмыс істеуде. Осы орайда отандық бизнеске танымал компаниялардың өнімдерімен тең түсіп, бәсекелесу қажет. Бұл ретте жоғары сапалы өнім – нарықтағы сәттіліктің кепілі екені даусыз. Халықаралық сапа өлшемдеріне сәйкестіктің қажеттілігін де бүгінде бизнес өкілдерінің көпшілігі түсінді. Қазіргі уақытта Қазақстан бойынша 3 мыңға жуық кәсіпорын өндіріске сапа менеджменті жүйесін енгізген.

Айымгүл  Әбілева