Аптадағы маңызды жаңалықтар

Кәсіби мерекеге орай үздік құрылысшылар марапатталды

 

 

 

 

Облысымызда құрылыс индустриясы жыл өткен сайын қарқын қосып келеді. Әлеуметтік маңызы зор нысандар көптеп бой көтеруде. Облыс орталығында салынып жатқан бір ауысымда бес жүз адам қабылдайтын емхана тамыз айының аяғында халық игілігіне тапсырылмақ. Преснов және Новоишим елді мекендерінде туберкулезге қарсы күрес диспансерлерінің құрылысы жүріп жатыр. Халықты таза ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған іс-қимыл жоспары мен мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы да сәтті жүзеге асырылуда, деді құрылысшыларды кәсіби мерекемен құттықтаған облыс әкімі Серік Біләлов.   Еліміздің құрылыс саласындағы көпжылғы адал еңбегі үшін үш солтүстікқазақстандық “Қазақстанның құрметті құрылысшысы” кеуде белгісіне ие болды. Облыс әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары да өз иелерін тапты. Өз кезегінде сөз алған құрылысшылар мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға алғыстарын жеткізді.

Марат Мергенов, “Единство” ЖШС директоры:
Соңғы жылдары облыста ірі құрылыс нысандары салынып жатыр. Айта кету керек, сапа да барынша жақсарып келеді. Бұл ретте мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмекті атап өтпеуге болмайды.  

Мереке иелері де кездесуге құр алақан келмеген. Естелікке деп облыс әкіміне құрылысшының киімін тарту етті. Дәстүр бойынша марапатталғандар өңір басшысымен суретке түсті.

 

  Айымгүл Әбілева